Жаңадан әкімшілік сот құрылады

Screenshot_16.png

Жаңадан әкімшілік сот құрылады. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының ақпарат орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Мейірханов мәлімдеді. Оның айтуынша, Президенттің 2021 жылғы 21 қаңтардағы Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Шымкент қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты болып өзгерді.

– Мемлекет басшысы өткен жылдың 29 маусымында ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне қол қойғаны белгілі. Осы заңнаманы іске асыру үшін 1 шілдеден бастап жаңадан Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты құрылады. Алдыңғы сот әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерге баға берсе, жаңадан құрылатын сот жеке азаматтардың билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарайды, – деді Берік Талғарбекұлы.

Брифингте қалалық соттың БАҚ-пен өзара іс-қимылды үйлестіруші судьялары Самат Мырзахметов пен Виталий Мирошников қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі сот алқаларының атқарған жұмысына тоқталды.

Самат Мелдебекұлының айтуынша, өткен жылы апелляциялық сот алқасында 346 адамға қатысты 275 сот үкімі қайта қаралған.

– Оның ішінде 6 адамға қатысты 4 үкімнің күші жойылып, 61 адамға қатысты 45 сот үкімі өзгертілді. Жалпы, сотқа түсетін қылмыстық істердің едәуір бөлігін меншікке қарсы қылмыстар құрайды. Әсіресе, ұрлық пен алаяқтық қылмыстар тыйылмай тұр. Осы екі санаттағы қылмыстардың өзі 38 пайызды құрап отыр, – деді қалалық соттың судьясы.

Ал, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы өткен жылы 2316 істі қараса, оның 155-іне өзгерістер енгізген. Бұл санатта неке бұзу мен жер дауына байланысты істердің үлесі мол.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жаңадан әкімшілік сот құрылады