100 мың төлем картасы сатылымға шығарылды

Screenshot_15.png

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көліктегі электронды билеттендіру жүйесінің негізгі көрсеткіштерін жария етті.

Басқарма басшысының мәліметінше, «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі енгізілгеннен бастап, 200 мың төлем картасы сатылып, қосымша 100 мың карта сатылымға шығарылды. Бүгінгі таңда 1,2 млрд теңгеге 16,5 млн транзакция жасалған. Оның ішінде, картамен – 13,8 млн, қолма-қол ақшамен  – 2,5 млн, SMS арқылы – 122 767 және QR-код арқылы 314 транзакция жасалды.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта төлем жүйесі арқылы жүргізіліп жатқан транзакциялардың 80 %-ы картамен төленді. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық көлік қозғалысына бақылау жүргізетін мобильді қосымшасы әзірленіп, бүгінгі таңда тестілеуден өткізу үшін «PlayMarket», «AppStore» бағдарламаларында жариялау үшін өтінім жолданды.

Айта кетейік, бұл жүйені енгізудегі негізгі мақсат – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, цифрлық шешімдері мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізу, қоғамдық көліктің қызметін жақсарту мен жолаушыларға қолайлы жағдайларды жасау және қалалық бюджетке түсімдерді арттыру. Жүйенің мүмкіндіктері мол. Атап айтқанда, икемді тарифтік саясат арқылы қоғамдық көліктің тартымдылығын арттырып, жолаушылар ағынының таралуы бойынша нақты статистикалық есебін береді. Одан бөлек, маршруттық желісін тиімді пайдалану және нақты деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршруттарды субсидиялау барысында пайдасы орасан.