Қалай кәсіп бастауға болады?

 Screenshot_15.png

Бизнес бастап, кәсібін дөңгелетемін дегенге мемлекеттен қолдау көп. Үкімет шағын және орта бизнесті дамыту үшін түрлі қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр. Ауылшаруашылығын қолдау қоры «Еңбек» бағдарламасы аясында өңірге 816 млн. теңге қарастырып отыр. Бұл қаржы кәсіпкерлерге 6 пайыздық үстемемен үлестірілмек. Жергілікті билік өкілдері жеңілдетілген несие шартын халыққа тәп-тіштеп түсіндірді.

Қазақ қазір әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс жағдайын түзеудің қамымен жүр. Кәсіп ашып, таза байлыққа кенелгісі келетіндер де кездеседі. Алайда олардың ішінде соның нақты тетігін білмейтіндер көп.

«Республикалық қолдаулардан бөлек Шымкент қаласы аз уақыт ішінде бизнеске арналған бірқатар тиімді шаралар қабылдап үлгерді. Соның бірі «Мен кәсіпкер боламын» әйелдер және жастар кәсіпкерлігін қолдауға арналған шарасы бекітілді. Қазіргі таңда қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 68814 құрайды»,- дейді   Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев.

Үкіметтің негізгі ұстанымы жұмыссыздықты азайту. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын көбейту. Мемлекеттен берілетін несиеге қол жеткізу үшін алдымен қаржылық сауаттылықты арттыру міндеттеледі. Ол үшін «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау орталығынан бизнес әліпбиін үйрену қажет.

 «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына негізінен жұмыссыз азаматтар қатысады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар мен зейнет жасына жетпегендер де жеңілдіктен үмітті. Тек кепілзаты болуы тиіс.

 «Даму» қоры тіпті, кәсіп ашамын деушілерге кепілсіз-ақ ақша береді. Тек қаржының көлемі шектеулі. 5 млн. теңгеге дейін. Бұл қаражат өндіріс пен сауда айналымын артыру үшін үлестіріледі»,- дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бөлім басшысы Сабыржан Исқақов.

Жалпы Шымкентте 69 мыңға жуық кәсіпкерлік нысаны бар. Олар 163 мың тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал, өңірде мемлекеттік бағдарламаға иек артып, бизнес ашқандар жыл сайын көбейіп келеді. Биыл бұл көрсеткіш 2,5 пайызға өскен. 

 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қалай кәсіп бастауға болады?