Кәріз жүйесіне тұрғындардың 75 пайызы қосылады

Screenshot_3.png

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Айманбетов пен энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков кәріз құрылысы басталған «Тассай» мен «Самал-3» шағын аудандарында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. 

Мамандардың айтуынша «Тассай» шағын ауданын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін осы жылдың сәуір айынан бастап мердігер мекеме «Сарыағаш Аман» тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның жалпы құны 2 244,8 миллион теңгені құрайды. Ұзындығы 115,2 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысы 2022 жылға өтпелі дейді салаға жауаптылар. Ал, «Самал-3» шағын ауданындағы құрылысты мердігер мекеме «Бұрған-2005» жүргізуде. Оның ұзындығы 37,3 шақырымды құрайды. Нысан келер жылға өтпелі. Аталған елдімен тұрғындары кәріз жүйесі жүргізіліп жатқанына дән риза. Себебі  ауланың тазалығы, экологияның қауіпсіздігі үшінші мегаполис атына сай болуы керек. 

Айта кетейік, Шымкент қаласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл қалада 582 шақырым болатын кәріз құбыры тартылуда. Құрылысы жүргізіліп жатқан 19 нысанның 5-і биылғы жылы пайдалануға беріліп, 18 мың халық тұратын тұрғын үй алаптары кәрізге қосылады. Осылайша, сарқынды су жүйесіне қосылу көрсеткіші 52 пайыздан 54 пайызға артады. 2025 жылға дейін қала тұрғындарын кәріз жүйесіне қосу көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарлануда.