Екі өнім алып, табысын еселеуде
Ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімін тиімді пайдалана отырып, екі өнім алып жүрген ауыл жастарының қатары көбейіп келеді.
Міне, сондай жерден ризық-несібесін іздеген еңбекқор жастың бірі – Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылының тұрғыны Үмбет Мамытхан.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,
бастапқыда 583 400 теңге грант алып, қияр өсіретін жылыжай кешенін салған іскер азамат кейіннен өз қаржысымен өндіріс көлемін ұлғайтқан. Қазіргі таңда «Мамытхан Ү» ЖК 8 гектар алқаптан жылына екі рет өнім алып, табысын еселей түсуде.
Бүгінде жобалық кұны 2 миллион теңгеден жоғары жылыжай кешенінде ауыл жастары маусымдық жұмыспен қамтылуда.
Айта кетері, былтыр халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт:
- Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес,-деп атап өткен болатын. Жолдауда Президент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуді, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыруды, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейтуді, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруды тапсырған болатын.