100 мың кітап қоры бар кітапхана салынуда

4.jpg

Түркістан облысы  Бәйдібек ауданы, Шаян ауылынан 100 мың кітап қорына арналған аудандық орталық кітапхананың құрылысы басталды. Екі қабатты нысанның құрылысын «Құрылыс Энерго KZ» ЖШС-гі жүргізуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,  республикалық бюджеттің есебінен салынып жатқан аудандық орталық кітапхананың ғимаратын биыл  желтоқсан айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.

Жуырда  аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бағдатбек Жанғазиев, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Төлеби Досалиев мердігер мекеменің басшыларымен кездесіп, жаңадан құрылыс жұмыстары басталған кітапхананың жұмыс барысымен танысты. Бағдатбек Пердебайұлы мердігер мекеменің басшысына құрылысты сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Бүгінде аудандық мәдениет үйінің ғимаратында отырған орталық кітапхана 2022 жылдан бастап жұмысын жаңа ғимаратта бастамақ. Бұл жалпы Бәйдібек ауданының мәдениет саласы үшін айтулы жаңалық болғалы тұр. Жаңа нысаннның құрылысы аудан басшылығының жіті бақылауында.  Жалпы, Бәйдібек ауданында 25 кітапхана жұмыс істейді. Оның 23-і ауылдық, 1-еуі аудандық орталық кітапхана, 1-еуі балалар кітапханасы бар. Ондағы кітап қоры - 221 849.