Түркістандықтар қалаған вакцинасын салдыра алады

Түркістан олбысына Қытайда өндірілген вакцина «Vero Cell» вакцинасының 52 мың дозасы жеткізілді. Аталған екпені барлық емханалар мен екпе салдыру пункттерінен қабылдауға болады.

image.png

Жаңа вакцинаны сақтаудың температуралық режимі QazVac екпесіне сәйкес келеді. Енді облыс тұрғындары ресейлік «Спутник V», отандық QazVac, Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың жасап шығарған CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын қабылдай алады.

Жалпы өңірге COVID-19 індетіне қарсы вакцинаның 736 мың 460 дозасы жеткізілген. І-компонентпен 686 мың 742 адам (96 пайыз), ІІ-компонентпен 531 мың 942 адам (80) егілген.

Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясының 139 жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 1.18 % құрайды. Індет басталғалы коронавирустың 11 мың 898 жағдайы анықталды.

Облыстағы емдеу мекемелерде 8 оттегі станциясы, 400 ӨЖЖ аппараты, мыңнан аса оттегі аппараты іске қосылған. Сондай-ақ, 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған, 40-тан астам дәрі қоймасы мен 800-дей дәріхана бар.

Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі бір апта ішінде «Covid-19» індетін жұқтырып қоғамдық орындарда халықтың денсаулығына қауіп төндірген 22 азаматтың аты-жөндерін жариялады. Олардың қауіпті ауру жұқтырғандары «Ashyq» қосымшасы көмегімен анықталған. Қазіргі таңда, 14 күндік үй карантинін бұзған «қызыл статусты» азаматтарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Олардың көбі Түркістанның тұрғындары болса, қалғандары Кентау, Арыс қалаларының және Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал аудандарының азаматтары.