Түркістан облысында ауру азайып, стационарлар жабылып жатыр

Түркістан облысында коронавирус науқастары азайып, аудандық ауруханалардың жанынан ашылған инфекциялық стационарлар бүгінде қайтадан жабылып жатыр. Бұл туралы облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

image.png

Түркістан облысында инфекциялық төсек орындар саны 3600 болса, бүгінде оның саны екі мыңға қысқарған. Бүгінде төсек орын жүктемесінің үштен бірін, яғни шамамен 33 пайызын құрайды. Жалпы өңірде коронавирустық инфекцияның әр түрлі сценариіне байланысты инфекциялық төсек орын санын 5 мың 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.

Қоғамдық денсаулық басқармасының таратқан мәліметіне сүйнесек, жалпы елімізде пандемия белең алғалы Түркістан облысында коронавирустық инфекцияның 13 мың 608 жағдайы анықталып тіркеуге алынған. Оның 7 мың 138-і симптомсыз өткен.

Айта кетейік, соңғы тәулікте COVID-19 індетінің 34 жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0.25 пайызды құрайды. Сондай-ақ, егу науқаны басталғалы 800 мыңнан астам адам вакцина салдырған. 87 пайыздық көрсеткішпен Түркістан облысы коронавирусқа қарсы вакцина салдырудан елімізде көш бастап тұр.

Егудің екінші компонентін 600 мыңнан астам адам қабылдаған. ІІ кезең бойынша вакцинациялау қамту пайызы – 67,8 пайыз. Қазір облыс аумағында 141 екпе қабылдау пункттері жұмыс істейді. Жалпы бүгінге дейін 1 003 240 ПТР сынамасы алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 1098 адам тексерілді.

Бүгінде вакцина сақтайтын қоймада көлемі 300 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш (-20оС) бар. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр құрайтын 20 дана мен 601 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш сатып алынып, толық жеткізілді.