Түркістан облысында жеке инвестицияға салынған аурухана іске қосылды

Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылдық округінде «Әл Каусар» медицина-сауықтыру орталығы ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспапсөз қызметі хабарлады.

image.png

«Әл Каусар» медицина-сауықтыру орталығы жеке кәсіпкер Шерзад Нишановтың демеушілігімен бой көтерген. Жаңа емдеу мекемесі 70 төсек орынға лайықталған. Шерзад Нишановтың айтуынша, медицина-сауықтыру орталығына жұмсалған инвестиция көлемі 120 млн. теңгені құрайды.

Түркістан облысында тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қатарын тағы біреуге арттырған мемлекеттік және жеке меншік серіктестік аясында салынып іске қосылған емдеу мекемесі физиотерапия, ішек жолдарын тазарту, неврологиялық және жүрек емдеуге қажетті замануи үлгідегі медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

«Әл Каусар» медицина-сауықтыру орталығының ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Түркістан облысына іссапары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов арнайы қатысты. Көпұлтты Сайрам ауданында ашылған жаңа медицина-сауықтыру орталығында 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімі Түркістан облысында қарқынды дамыған медицина саласының жетістіктеріне тоқталып, өңірде мемлкеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген медициналық мекемелердің саны артқанын атап өтті.

– Медицина саласына тартылған инвестиция көлемі күн санап артуда. Жекеменшік клиникалар Ордабасы ауданында, Кентауда, Шардара ауданында салынып жатыр. Медицина саласын дамытуға жан-жақты күш салынады, – деді облыс басшысы.

– Түркістан облысында халықтың жағдайын жақсарататын, дәрігерлік көмек көрсететін үлкен медицина орталығы ашылып жатыр екен. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы жергілікті халықтың еңбекқорлығын айтады. Сайрам ауданын көптеген халықтар мекендейді. Байқағаным, барлығының мойнында бір жұмыс бар. Кәсіп бар. Үлгі боларлық іс, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.