Сарыағашта жол жөндеу жұмыстары қарқынды

19.jpg

Жол жүйесі бойынша ауданда ағымдағы жылы жалпы 1,7 млрд теңгеге ішкі жолдарды орта, ағымдағы жөндеу және тас төсеу жұмыстарына қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың 8 айында жалпы 46 көшенің 71,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай мәліметтерді жуырда Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев  аудандық мәслихат депутаттары алдында берген есебінде келтірді. 

Жергілікті бюджет есебінен жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына  ұзындығы  37,1 шақырым болатын 25 көшеге 847,9 миллион теңге,  тас төсеу жұмыстарына 51,4 шақырым болатын 27 көшеге 331,2 миллион теңге қаралып, тиісті  жұмыстар жүргізілуде.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ұзындығы 28 шақырым болатын 17 көшеге 540,7 миллион теңге қаралып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетері,  Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың 2019 жылы  «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. «Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту.