Үй тағамын әзірлеуде абай болыңыз!

Дұрыс дайындалмаған тамақтың тез бұзылатыны барлығымызға белгілі. Тамақтарда микробтардың пайда болуы, олардың тез көбеюінің негізгі мезеті жылу факторы болып табылады.

Screenshot_4.jpg

Тамақтың  сақталу температурасы қаншама жоғары болса, соншама оларда микробтар ұлғаяды. Тамақтың бұзылуы кез келген жағдайда болуы мүмкін. Өйткені тамақ тұтынушыларға жеткенше өңдеу, тасымалдау, сақтау және өткізу секілді сатылардан өтеді. Осы сатылардың кез келген кезеңінде санитарлық талаптар сақталмаса, өнімнің оңай бұзылуы әбден мүмкін. Негізінен тез бұзылатын тағам өнімдеріне кремнен жасалған тәтті өнімдер, көкөніс және еттен жасалған салаттар, сүт және сүт өнімдерімен дайындалған тағамдар, балық консервілері, дайын аспаздық өнімдер де болады. Сапалы шикі тамақ, сапасыз тамақпен бірге өңделсе немесе бірге сақталса, өте оңай бұзылып, тамақтан улануға соқтыруы мүмкін. Әсіресе, піскен тамақ бұзылса, микробтар өте тез көбейеді. Сондықтан да температуралық өңдеуге жатпайтын піскен тамақтар немесе салаттардың сақталуына ерекше назар аудару керек. 

Азық-түлік дүкендерде және ретсіз сауда орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес тиісті температуралық режимді қамтамасыз ететін тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталмаған орындарда дайындалған тағамдар мен салаттардың және үй жағдайында консервіленген тағамдарды пайдалануға болмайды. 

Егер үйде қонақ күтетін болып қалсаңыз, тамақты салқын жайда сақтаңыз, дайын тағамдарды бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтамаңыз, тіпті тоңазытқыш ішінде дайын тағамдарды көп сақтамау керек. Кез келген жерлерде, көшелерден дайын тағамдар, яғни үй жағдайында дайындалған тағамдарды сатып алмаңыз. Себебі үй жағдайында тамақ өнімдері қандай жағдайда дайындалады, ет өнімдерін, сүт өнімдерін қандай орындардан сатып алады. Тағамдарды дайындау кезіндегі қарапайым тазалықтарды  сақтай алды ма, әсіресе әр тағамды дайындар алдында немесе дайындап болған жағдайда қолын жуды ма, шикі өнімдердің құрамы қандай  деген ойлар көкейден кетпей қояды. Сізді де осындай сұрақтар туындауы мүмкін. Сондықтан да үй жағдайында және көше жағдайында дайындалып сатылып жатқан тағамдарды жеуден аулақ болғаныңыз жөн. Қазіргі уақытта әрбір үйде қыстық маусымға  үй жағдайында көкөністерден салаттарды қайнатып, банкаға жабу жұмыстары жүргізілуде. Осы жағдайда  бақша өнімдерін  ағынды суда жуып,  ыдыстарды мұқият ағын суда тазалап шайып,  стерильдеуден өткізу керек. 

Тамақтан уланудың және жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары:

- тамақтанар алдында жеке гигиена талаптарын сақтау;

- термиялық өңдеуге жатпайтын жеміс жидектерді ағынды сумен жуу;

- тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтау;

- кондитер өнімдерін тек тоңазытқышы бар дүкендерден ғана алу, қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына көңіл бөлу қажет;

- үй жағдайында дайындалған консерві өнімдерін белгісіз адамдардан сатып алмау немесе пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу;

- егер тағамның түрі, түсі, иісі және тағы басқа күмән тудыратын болса- бұндай тағамды мүлдем пайдаланбаған жөн;

Осы көрсетілген қарапайым ережелерді сақтаған жағдайда, өзіңізді, жақындарыңызды және балаларыңызды тамақтан болатын аса ауыр, яғни  өлім жағдайына апаратын аурулардан  (тамақтан улану, ботулизм) сақтайсыз. Отбасыңызда  болатын мерекелік астарға үй жағдайында дайындалған, әсіресе кремі бар тәтті өнімдерді және салаттарды әкеле салудан абай болыңыз!

Г.Бекбосынова,

Бәйдібек аудандық СЭББ бөлім басшысы

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Үй тағамын әзірлеуде абай болыңыз!
Кейінгі: Көптеген
Алдыңғы: Бруцеллез