Медициналық техниканы тиімді пайдаланбағандар тергеледі

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық техниканы тиімді пайдалану бағытындағы тексерудің нәтижесін баяндады.20180206115352.jpg

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдау мақсатында 2012-2016 жылдар аралығында сатып алынған техникаға кезең-кезеңмен тексеру жүргізді. Соның ішінде құны 5 млн теңгеден жоғары медициналық техникаға аудит жасалды. Аудит қорытындылары бойынша заңбұзушылықтар анықталды, деді Біртанов.

Осы орайда сатып алынатын медициналық техника құнының ұлғаюы, медициналық жабдықтың жұмыс істемей тұрып қалуы, медициналық техникаға 3 жыл міндетті сервистік қызмет көрсетілмеуі және басқа да кемшіліктер болған.

– Қазіргі уақытта анықталған проблемаларды шешу мақсатында аудит қорытындысының материалдары Есеп комитеті мен құқық қорғау органдарына жіберілді. Осы кезде тергеу шаралары жүргізілуде, 145 млн теңге мөлшерінде бюджетке келтірілген шығын өтелді, – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық техниканың тозуы 35 пайыздан асады. Осыған байланысты Медициналық техниканы жаңартуға деген қажеттілік жыл сайын 96 млрд теңгені құрайды. 2016 жылдан бастап 2018 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 128 млрд астам теңгеге медициналық техника бірлігі сатып алынды. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық жарақтандыруға жалпы сипаттағы трансферттер бөледі. Атап айтқанда, 2017 жылы 42,8 млрд. теңге бөлді, ал 2018 жылға 40,2 млрд теңге көзделді. Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен лизинг тетіктерін қолдана отырып, медициналық техниканы сатып алу қарқыны ұлғайды.