Футбол дамып келе жатқан аудан

Screenshot_3.jpg

Өзге аудандармен салыстырғанда Мақтааралда футбол индустриясы жақсы дамып келеді. Еліміздегі ауданнан шыққан жалғыз команда ретінде ел біріншілігінде бәсекелі ойын көрсетіп жүрген "Мақтаарал" футбол клубы мен бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанған клубтың жасөспірімдер құрамасы осы салада ауданның әлеуеті жоғары екенін көрсетіп тұр. 

 Жуырда Мақтаарал ауданында футболдан мектепаралық жастар лигасы басталды. Атакент кентіндегі "Алпамыс батыр" спорт кешінде өткен футбол додасының ашылуына 56 мектептен командалар қатысты. Жастар лигасының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бақыт Асанов командаларға сәттілік тілеп, бәсекелестікке қабілетті ұрпақты тәрбиелеуде спорттың маңызы зор екенін атап өтті. "Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту - мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Біз ауданымызда бұқаралық спортпен айналысушылардың санын 30%-ға жеткізу үшін түрлі іс-шаралар өткізудеміз. Міне, бүгінгі бастау алып жатқан мектепаралық жастар лигасы - осының айғағы" - деді аудан әкімі. 

Жалпы мектепаралық жастар лигасы келесі оқу жылы басталғанша 5 кезең бойынша өтеді. І кезеңде 56 мектептің футбол командалары 11 аймаққа бөлініп, айналмалы жүйеде өзара кездесу өткізеді. Аймақтан І орынды алған командалар өңірлік кезеңге жолдама алады. Әрі қарай ширек финал, жартылай финал және соңғы кезең ақтық ойында лиганың чемпионы анықталатын болады.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Футбол дамып келе жатқан аудан