Арыс ауруханасы жаңартылуда

Screenshot_27.jpg

Арыс ауруханасы күрделі жөндеуден өтіп, медициналық құрылғылары толық жаңартылады. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин бастаған делегацияның Түркістан облысына жасаған сапары барысында айтылды. Олар Арыстағы жарылыстан зақымдалған емдеу мекемесінде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысты.  

Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың мәлімдеуінше қазіргі таңда орталық аурухана құрамындағы емхана пациенттерін қабылдап, дәрігерлік көмектерін көрсетуде. Жатып емделетін науқастар болса, олар жағдайына қарай көршілес Ордабасы аудандық ауруханасы мен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына жөнелтіледі. Ал, күрделі жөндеуден кейін қалпына келтірілетін Арыс аураханасы 1 айдың ішінде іске қосылады. Бұдан бөлек, бұған дейін жобаланғандай Арыс қаласында тағы бір жаңа аурухана мен емхана салынатын болады.

Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдың нәтижесінде аудандық аурухананың жартылай зақымдануы орын алды. Атап айтқанда, жарылыс толқынынан емдеу мекемесінің терезелері сынған, аурухана шатыры мен ішкі және сыртқы есіктері мен баспалдақтарына зақым келген.

Әзірге аталған емдеу мекемесінің күрделі жөндеу жұмыстарына жоғары сапалы құрылыс материалдары пайдаланылуда. Ресейдің Новосібір қаласында жасалған арнайы есіктер қойылып, түркиялық сапалы терезелер орнатылды. Ғимараттардың шатырлары жөнделіп, әрлеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, жетелсатылар да жаңартылатын болды.

– Арыс қалалық орталық ауруханасындағы медициналық қондырғыларды жаңарту 1 тамызға дейін жүзеге асатын болады. Бұған қаражат бөлінді. Әрі қарай сатып алу жағы шешіледі, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы тартылған метрологиялық компаниямен бірлесе отырып, медициналық және технологиялық жабдықтардың жұмыс істеу қабілетіне тексеру жүргізуде. Нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен шығыстар сметасы жасалып, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу көзделеді.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Арыс ауруханасы жаңартылуда