Шардара 99 пайыз «көгілдір отынмен» қамтылады

WhatsApp Image 2019-09-13 at 16.46.27.jpeg

Түркістан облысы Шардара ауданындағы елді мекендер 99 пайызға «көгілдір отынмен» қамтылады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Шардара ауданына жасаған сапарында айтылды.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, жоспар бойынша, ауданда 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін 80 мыңға жуық халық саны бар 22 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылмақ. Бұл тұрғындардың 99,45 пайызын құрайды.  Облыс әкімі  Шардара қаласындағы «Шардара» №18 ГЖС-нан тартылатын жоғары қысымды газ құбырын және «Өтеғұл» ықшамауданында орамішілік орта қысымды газ құбырын салу» жұмыстарымен де танысты.

Сондай-ақ, облыс әкімі сапары барысында қалалық бас су торабының да жұмысымен танысты. Аталған торапта «Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Шардара сервис» МКК коммуналдық қызмет көрсетуші болып саналады. 1983 жылы пайдалануға берілген су торабы бүгінде 5990 тұрғын үйге, 5457 тұтынушыға қызмет көрсетіп отыр.

Облыс басшысы мұнан соң «Шардара Армспорт» спорт клубына атбасын бұрып, дүниежүзінде өзіндік орны бар спортшылармен кездесті. Әлем чемпиондары аллеясының және таэквондо, каратэ, жеңіл атлетика залдарының ашылу салтанатына қатысты. Аталған аллеяға алғашқы ағашты отырғызды. Сонымен қатар Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, «Шардара Армспорт» спорт клубының негізін қалаған Арман Қарсыбаевпен кездесіп, спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүргені үшін алғысын білдірді.