Түркістан музейге бай қала болады

Түркістан. 5 қараша. ҚазТАГ - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Түркістанға сапары барысында киелі шаһарға туристерді көптеп тарту керектігін жеткізді.
«Туризм – қала экономиканың маңызды тармағы болмақ. Мұнда ең бастысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Біле білсеңіздер ұлы философ Ясауи Құранды түрік тіліне аударған алғашқы оқымысты ғалым. Ғұламаның өмірбаяны туристерді қызықтыруы қажет. Өздеріңіз білесіздер кесенені жөндеуден өткіздік. Болашақта қалада бірнеше музей болады. Ол «Ұлы дала музейі», «Түркі әлемінің музейі» және «Қожа Ахмет Ясауи» бабамыздың музейі. Сондай-ақ жақында тағы бір музей қосылады. Ол қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүріп жатқан Күлтөбе қалашығы. Ашық аспан астындағы музейде жәдігер мен экспонаттарға бай музей болмақ »,- деді Елбасы өз сөзінде.
Бүгінде Самарқанд – Ташкент – Шымкент – Түркістан бағытында қатынас орнатылуда. Жоба жүзеге асқан кезде туристер қос елдің тарихымен қатар танысатын болады.
Туристерді шаһардың тарихи нысандары ғана емес заманауи ғимараттары да қызықтыруы тиіс. Осы орайда Түркістанда бірнеше нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда - «Нұр-Сұлтан» алаңы. Алаңның жалпы ауданы – 54 000 шаршы метр. Оның 30 000 шаршы метрі көгалдандырылып, ағаштар отырғызылған, аспанға атылған су ағыны мың құбылып, тұман, гейзерлердің бейнесін жасайтын субұрқақ орнатылған. Компания мұндай субұрқақты бүкіл өңір бойынша қолдануға ниетті. Сонымен қатар, «BI Group» холдингі қалада жергілікті БАҚ қызметі үшін салынған, заманауи құрылғылармен жабдықталған екінші ауқымды жоба - «Алатау» медиа орталығын салды. Журналистерге арналған 4 қабатты ғимаратта 200-ден астам адам жұмыс істей алады. Медиа орталықта конференц-зал, телестудия, гример, аudio және videoмонтаж орындары, редакциялар мен әкімшіліктің кеңселері, брифинг-орталық, фуд-корт қарастырылған. Ал ғимараттың қасбеті күн жылуын 70%-ға дейін өткізбейтін энергия үнемдейтін шыныдан жасалған, яғни қыс мезгілінде ғимарат ішінде жылуды сақтап, ал жазда өте жайлы қоңыр салқын ауа қалыптастырады. Жалпы құрылыс компаниясы Түркістанда 7 маңызды нысанды салуда, оның ішінде «Ұлы Дала» мұражайы, «Hampton by Hilton» қонақ үйі және 7000 орынды футбол стадионы бар.
Еске сала кетейік, биыл киелі Түркістан қаласына 1 млн 400 мың турист келген. Жалпы, 2020 жылы қалаға келуші туристер санын 2 миллионға жеткізу көзделіп отыр.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Түркістан музейге бай қала болады