Жаңа жүйе жаңашылдығымен енбек

06.jpg

 

Түркістанда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров бастаған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша өңірлік штабтың көшпелі отырысы өтті. Медицина саласындағы жаңашылдықтың жүзеге асуын талқылауға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қатысты.

 

 

Жаңа жылдан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын басталғаны белгілі. Қазақстандықтар биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тіс дәрігеріне жеке емханада тісін тегін емдете алады. Одан бөлек тегін дәрі-дәрмекке қол жетімділік арта түспек. Түркістан облысына биыл амбулаториялық тегін дәрі-дәрмектің 400-ге жуық түрі жеткізіледі. Жаңа жүйе ауыл медицинасын дамытуға да үлкен қолдау болмақ. Техника жаңартылып, алғашқы санитарлық көмек пен жедел –жәрдем қызметін қаржыландыру артпақ. Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, басты мақсат сапалы медициналық көмек көрсету болуы тиіс. Облыстық медициналық ұйымдар өз кезегінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға толығымен дайын.

 

  Сондай-ақ  делегация құрамы  облыстағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап, қызмет көрсету сапасын тексерді. Министрліктің стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Айнұр Айыпханова бастаған бір топ азаматтар алдымен облыстық клиникалық ауруханада болды.

 

Тарихы одан да тереңде жатқанымен, ресми түрде 1947 жылдан бастап облыстық аурухана мәртебесін иемденген емдеу мекемесі - бүгінде облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек көрсететін жетекші медициналық орталығы болып табылады. Штаб өкілдері мұндағы емхананың жұмысымен, қабылдау бөліміндегі ТРИАЖ жүйесімен, оңалту бөлімінде инсульттан кейін ем қабылдап жатқан науқастардың жай-күйімен танысты. Емханасында халықтың ыңғайлылығы үшін МӘМС-ке жарна төлеу үшін арнайы терминалдар жұмыс істеп тұр.

 

Жұмыс тобы сондай-ақ облыстық № 1-ші перинаталдық орталық пен Сарыағаш аудандық орталық ауруханада болды. 512 төсек орынға есептелген аудандық аурухана 100 пайыз цифрландыру жүйесіне көшкен. Науқастарды қабылдау бөлімінде ТРИАЖ жүйесі де барлық талапқа сай. Таяуда ғана ашылған жарақат бекеті тәулік бойы қызмет көрсетеді. Заманауи үлгідегі компьютерлік –томография да ауыл тұрғындарына диагностика тұрғысында үлкен көмегін тигізіп келеді. МӘМС жүйесіне сақадай-сай дайындығы онымен қоса арнайы ақпараттандыру бұрышында қызмет көрсетіп отырған қызметкерлерінің барлық сұрақтар бойынша кеңес беріп, көмек беруімен дәлелденді.

 

Жұмысшы топ құрамы мұнан кейін Төлеби аудандық аурухана мен Сарыағаш қаласында орналасқан жеке-меншік “Нұрболат” клиникасы мен Dіaverum “ІD-Senіm” диализ орталығын аралады. Жалпы, елімізде ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің жаңа жүйесі толықтай күшіне енді. Жарналар соммалары әртүрлі болуы мүмкін, алайда әрбір сақтандырылған азамат өзі мүдделі медициналық көмектің көлемін алады.

 

Сонымен бірге, әрбір адамға, оның сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық қызметтердің кепілдік берілген көлемі шегінде жедел және алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділігі сақталады. МӘМС жүйесі шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамту деңгейі жалпы ел бойынша 95% -дан асады деп болжануда (МӘМС жүйесін енгізу үшін ұсынылған шекті деңгей кемінде 80%-ды құрайды). Түркістан облысы бойынша бұл қамту 91,6% - ды құрайды және облыс халқының 8,4% - ы немесе 66652 адам «шартты түрде сақтандырылмаған» болып есептеледі, олар бойынша мәртебені өзектендіру жұмыстар жалғасуда. Облыс бойынша 114 денсаулық сақтау мекемесі тіркелген. Түркістан облысының «МСҚ» КЕАҚ филиалы 2019 жылға 73 өнім берушімен шарт жасады, оның ішінде мемлекеттік - 40 (51,3%), жеке - 33 (48,7%) ұйым бар.

 

     Қорыта айтқанда Түркістан облысындағы медицина ұйымдары жаңа жүйе бойынша қызмет көрсетуге тас түйін дайын.  Тіпті арасында оза шапқандар бар. Мәселен білікті әрі жас дәрігер Райымбек Тасырбаев басқаратын Отырар аудандық орталық ауруханасы мен емханасы республика бойынша МӘМС-ке дайындық сапасы жөнінен өткен жылы бірінші орынды иеленді. Таяуда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Арман Дарбаев аталмыш ауруханада болып, ұжымның жұмысымен танысты. Емдеу мекемесі толығымиен цифрлық жүйеге көшкен. 100 пайыз компьютермен жабдықталған. Пациенттерді қабылдау триаж жүйесі бойынша жүзеге асырылуда. Қабылдау бөлімінде интенсивті терапияға арналған арнайы жабдықталған палата да бар. Кіші ота бөлмесі де ашылған. Мұнда медициналық ақпараттық жүйеге қосылған жаңа рентген аппараты  жұмыс істейді. Цифрлы қондырғы рентген кескінін онлайн режимде көрсете отырып, науқастың электронды денсаулық пастортының тарихына автоматты түрде  енгізе алады.  Жаңа қондырғы дәрігер-рентгенологтарға да өте тиімді. МӘМС жүйесін тұрғындарға түсіндіру бойынша психолог, әлеуметтік қызметкері бар бекет ашылған. Жарна аударымдарын жүзеге асыру үшін арнайы терминалдар орнатылған. 

 

Диагноз газеті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жаңа жүйе жаңашылдығымен енбек