Болатхан САҒЫМБЕКОВ: Вакцинаға қарсылар қоғамға да қауіпті

Screenshot_28.jpg

Әлемдік туберкулезге қарсы күреске үлес қосатын уақыт келді. Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігерлері осындай ұранмен дөңгелек үстел өткізді. Олардың айтуынша, 24 ақпанда басталған әлемдік туберкулезге қарсы күрес айлығы 24 наурызға дейін жалғасады.

Қазақстан әлемде туберкулез науқастарды емдеуде ең тиімділігі жоғары мемлекет саналады. Бұл жағдай Түркістан облысында анық байқалады. Нақтылап айтқанда, өткен жылы өңірде туберкулездің сезімтал түрімен ауыратын науқастардың арасында емдеудің тиімділігі 92,4 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 85 пайыздан кем болмауы тиіс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) стандартынан да жоғары. Жалпы соңғы он жылда облыста туберкулез аурушаңдығы 2-3 есеге, өлім-жітім 6 есеге азайды. Осындай жетістіктерімен бөліскен Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Болатхан Сағымбеков өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарын баяндады. 

Screenshot_26.jpg– Туберкулез ауруының төмендеуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, елдің әл-ауқаты жақсаруда, экономикалық жағдайымыз тұрақты. Екіншіден, тұрғындарымыздың өз денсаулықтарына деген жауапкершіліктері артып келеді. Үшіншісі – жаңашыл емдеу әдістерінің енгізілуі, заманауи медициналық аппараттарының көбеюі. Бұл тұрғыда медицина мамандары мен қызметкерлерінің еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл ұжымдық, қоғамдық жұмыстардың нәтижесі, – дейді бас дәрігер.  

Облыстық фтизиопульмонология орталығы Түркістан облысы мен Шымкент қаласы тұрғындарына қызмет көрсетеді. Екі өңірдің де туберкулез бойынша көрсеткіштері жақсы жағынан алғанда республикадағыдан әлдеқайда төмен. Жаңадан ауырған науқастар саны бойынша Түркістан облысы Алматы қаласынан кейін екінші орында тұрса, Шымкент үшінші орында. Қайталап ауру да қос өңірде әлемдік стандарттардан да, республикалық көрсеткіштерден де төмен. 

Оңтүстік өңірінде соңғы бес жылда туберкулезге қарсы емдеу мекемелерінде төсек-орын 40,7 пайызға қысқарды. Нәтижесінде 2015 жылы 970 болған төсек-орын биыл 395-ті құрады. Аудандардағы туберкулез диспансерлері облыстық фтизиопульмонология орталығына біріктіріліп, стационар орталықта ғана қалдырылды. Олардың ғимараттары жергілікті емдеу мекемелеріне өткізіліп, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында арнайы 34 фтизиатриялық кабинет жасақталды. Онда 53 фтизиатр, 27 фтизиопедиатр қызмет көрсетеді. Сосын ДДҰ алгоритмі бойынша арнайы санаторийлердегі емдеу тәсілдері халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. 

– Амбулаториялық деңгейдегі туберкулез науқастарға әлеуметтік көмек қаржылай 5-10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тұрақты түрде берілуде. Ай сайын 1312 науқастың жеке есепшотына 20000-25000 теңге аралығында ақша аударылды. Биыл да жалғасады, көбеймесе азайып жатқан жоқ. Бұл көпбалалы аналарға берілген 21 мың теңгеден де көп. Жалпы алғанда былтыр Түркістан облыстық әкімдігі тарапынан 164 млн. 567 мың теңге, ал Шымкент қалалық әкімдігінен 56 млн. 345 мың теңге жұмсалды, – дейді Болатхан Сағымбеков.

Әлеуметтік көмек алатын науқастарға міндеттеме жүктейді. Біріншісі – емді үзбейді. Екіншісі – тәртіп бұзбайды. Осы екеуін орындамаған пациенттерге берілмейді. Мамандардың айтуынша, нәтиже жақсы. Тәртіп бұзғандар кемде-кем. 

– Облыста жағдайлары өте  ауыр 146 науқас іріктелініп алынып, оларға туберкулезге қарсы жаңа дәрілер берілді. Оның 69-ы емделіп шықты, қалған 74-і емін жағастыруда. Өкінішке қарай, басқа да аурулары қосылған екі пациент қайтыс болды. Үшіншісі туберкулезі асқынғаннан көз жұмды, – дейді терапия бөлімінің Шахризада Айымбекова.

Оның айтуынша, адам аурудан әлсірегенде басқа да дерттер қосылады. Сондықтан медицина мамандары адамдардың уақыт жоғалтпай ауырмаса да көңіліне күдік ұялаған сәтте-ақ дәрігерге қаралғанын қалайды.

Тағы бір жақсы жетістік, дәрігерлер бөліскен жаңалық – науқастардың емін қадағалау үшін смартфон арқылы видеобақылау әдісі енгізіліпті. Барлық туберкулезбен ауырған науқастардың алып жатқан емдері жөніндегі мәліметтер ұлттық тіркелімге және медициналық информациялық жүйеге түседі екен. Цифрландыру бағдарламасымен қызметкерлер компьютерлермен және интернет жүйесімен қамтылған. Орталықтандырылған дәрігерлік кеңестік комиссияға туберкулез науқастары онлайн режимінде ұсынылады. 

– Қазіргі таңда бактериологиялық зертхана қазіргі заманғы жабдықтарымен қамтамасыз етілген. 9 G-Xpert қондырғысымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оның алтауы ауданда болса, үшеуі қалада. 1  БАКТЕК, 1 БИОНЕР, туберкулез микобактериясын өсіретін арнайы дайын орталардан тұратын  планшеттер алынды. Биыл жаңа Хайн тест аппараты іске қосылды. Науқастардың туберкулез қоздырғыштарын жылдам анықтап береді. Бұлардың маңыздылығы фтизиаторлардың науқастарды уақытылы емдеуіне көмегі көп. Эпидемиологтарға да дер кезінде науқасты оқшаулауға жәрдемдеседі, – дейді бактериологиялық зертхана меңгерушісі Нәзира Өтегенова.  

Өмірге сәби келгеннен оған салынатын алғашқы екпе туберкулезге қарсы егіледі. Дегенмен, діни ұстанымына, теріс көзқарасына байланысты балаларына вакцина ектірмейтін ата-аналар әлі де бар екен.

Screenshot_27.jpg

– Бала дүниеге келгеннен кейін дені сау нәрестелерге 2-4 арасында иммунапрофилактика жүргізіледі. Өкінішке қарай, ата-аналардың түсініктеріне, діни көзқарастарына байланысты балаларына вакцина салдырмайтындар бар. Түркістан облысында былтыр БЦЖ вакцинасын 158 балаға ата-анасы ектірмеді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда көп емес, азайған. Керісінше, вакцинадан бас тарту Шымкент қаласында 285-ке жетті, 2018 жылмен салыстырғанда 44 жағдайға көбейді. Бірақ, біз діни қызметкерлер мен психологтарды қатыстырып түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Нәтижесінде райынан қайтқан ата-аналар да бар, – дейді Түркістан облысының штаттан тыс фтизиопедиатр дәрігері Айгүл Исмағұлова. 

– Діни ұстанымы бөлек адамдармен әр саланың мамандары жұмыс істемесе, теріс көзқарастылар бірігер болса, онда қоғамға қауіп төнеді. Сондықтан вакцинаға қарсы азаматтарға қоғамдасып түсіндіру қажет, – дейді Болатхан Сағымбеков.

– Қайталануы 6-7 жаста қыркүйек айында егіледі. ДДҰ латентті туберкулезді инфекцияны емдеуге немесе туберкулез микробактериясын алғаш рет жұқтырған балаларды анықтап, оларды химия-профилақтикалық емдеуге баса көңіл бөлуді талап етеді.  Біз оны 2015 жылдан бастап қолданысқа енген диаскин-тест деген сынама арқылы анықтаймыз, соның нәтижесімен ем тағайындаймыз. Былтыр диаскин-тестпен Түркістан облысында 293 балаға, Шымкентте 205 балаға химия-профилактикалық ем жүргізілді. Қазіргі таңда облыс бойынша да, Шымкенет те туберкулез диагностикасымен және диаскин-тестпен 100 пайыз толық қамтылған, – деп толықтырды Айгүл Мұхтарқызы. 

Туберкулез тек дәрі-дәрмектен емделмейді. Ота жасауға тура келетін кездер де болады.

– Туберкулездің 15 пайызы өкпеден тыс болып есептеледі. Дәріге көнбеген ыдырау сатысында хирургиялық ем қолданылады. 2018 жылы жалпы алғанда 212 ота жасалған. Былтыр 172 ота жасалды. Науқастардың азаюына байланысты оталардың да саны азайып жатыр, – дейді өкпе, өкпеден тыс туберкулезді хирургиялық емдеу бөлімінің меңгерушісі Бақыт Дүтбаев.  

Болатхан Сағымбековтың айтуынша, биыл фтизиатр мамандары пульмонология бойынша қайта даярлаудан өтеді. Туберкулезді уақтылы анықтау мақсатында жүргізілетін профилактикалық флюорографиялық тексерулер «Кешенді медициналық ақпараттық жүйе» порталына толығымен енгізілмек. Туберкулезге күдікті пациенттердің қақырығын молекулярлы-генетикалық әдіспен тексеру мақсатында емханаларды GeneXpert аппаратымен 100 пайыз қамту жоспарлануда екен. Сонымен қатар, амбулаториялық деңгейде тікелей бақылаудағы емді сапалы жүргізу мақсатында видеобақылауды кеңінен қолдану жалғасын таппақ.

А.НҰР