Несептас ауруын асқындырмай емдеуге болады
Бес елдің бас уролог дәрігерлері Түркістан қаласына жиналды. Атап айтқанда, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен Ресей, Беларуссия, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстанның жоғары дәрежелі мамандары келді. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткен уроллогтардың алғашқы пленумында «Несептас ауруының алдын алу» мәселесі қаралды.
Несептас ауруы ақ халаттылардың айтуынша, әлемде Орта Азия аумағында, ал Қазақстанда Түркістан, Атырау, Маңғыстау облыстарында көп тіркелген. «Оның басты себебі, біріншіден, бұл өңірлерде күн өте ыстық, екіншіден, экологиялық ахуалы мәз емес, үшіншіден, ауыз судың сапасы нашар және туабітті бүйрек дертіне шалдыққандардың саны артқан», - дейді дәрігерлер. Сосын дерттің дендеуіне салғырттық себеп болып тұр. Уақтылы дәрігерге қаралмау, азғана ауырсынуға көңіл бөлмеу көп жағдайда өкінішті жайттарға ұрындырып жатады. Жиын кезінде мамандар осы мәселеге жіті назар аударды.
Дегенмен, несептас ауруын жантақпен емдеуге болады.
– Ауруды емдеуден бұрын оның алдын алудың жолдарын қарастыруымыз керек. Мұнда біз дертті емдеудің тәсілдері мен одан толық айығудың амалдарын, қайталанбауын қарастырдық. Бұл жөнінде көп жұмыстар істедік. Бізде дәрі ретінде қолданатын жантақ бар. Несеп жолдары ауруларын емдеуде басқа да түрлі емдік шөптер көп қолданылады. Сондай мол тәжірибемізді басқа елдердің дәрігерлеріне көрсете біліміз керек, – деді еліміздің бас урлологы Мырзакерім Алшынбаев.
Белорусь мемлекетінің бас урологы Александр Строцкийдің айтуында, ол елде келіп тексерілген ерлердің 38 пайызында несеп жолдары аурулары кездеседі екен.
– Оларды дер кезінде емделмесе кейін асқынып кетіп жатады. Ал егер сол дер кезінде емделетін болса онда бес жылға дейін мазаламайды, – дейді белорусиялық маман.
Аталған дерт түрлерін емдеу Түркістан облысында жақсы жолға қойылған. Атап айтқанда, еліміз бойынша ең алғашқы Ерлер денсаулық мектебі 2012 жылы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының басазында ашылды. Содан бері аталған ерлер орталығында 18 мың ер азамат медициналық тексеруден өткен. Сонымен қатар, қазір ерлер денсаулығына қатысты барлық ем-дом өзімізде көрсетіледі.
– Бізде барлық медициналық көмектер көрсетіледі. Қандай оталар болса да жасалады. Тіпті алдын ашық оталар жасалатын болса, қазір тіліксіз жасап жатырмыз, – деді Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
Пленум барысында қатысушылар баяндама жасап, өз ұсыныстарын ортаға тастады. Оның барлығы қорытындыланып, ерлер арасында белең алып бара жатқан несеп жолдары ауруын емдеу және алдын алуға байланысты бес елдің урологтары ортақ қарар қабылдады. Алшынбаевтың айтуынша, оны тек Қазақстанның денсаулық сақтау басқармалары ғана емес, басқа елдердің де денсаулық сақтау басқармалары қолдануына, ары қарай емдеудің сапасын көтеруге болады.