Кәсіби аурулар туралы не білеміз?

Screenshot_3.jpg

Өндірістегі өнімділікті арттырудың бірден бір жолы механизациялау мен автоматизациялау. Механизациялау мен автоматизациялау өнімділікті жоғарылатып, жұмысшы қолын жеңілдетумен қатар қауіпсіздендіреді.

Алайда, өндіріс нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталынбаған жағдайда жұмыс орнындағы еңбек жағдайы, жұмысшылардың денсаулығы мен адамның өмір сүру ортасына тигізер зиянды факторлары да жеткілікті.

Осы себепті өндірістің зиянды әсерлерінен сақтану, тигізетін әсерін төмендету үшін, біріншіден өндірістік нысандардың атқаратын қызметіне сай санитариялық-қорғау аумағы (ары қарай СҚА) сақталынуы қажет. СҚА- дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда адамның өмір сүру ортасын өндірістік нысандардың зиянды факторларынан қорғау аумағы. Бұл талап нысан құрылысын жобалау, құрылысын жүргізу кезінде ҚР ҰЭМ бұйрығымен бекітілген № 237 20.03.2015ж. «Өндірістік объектілердің СҚА белгілеу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидасының талаптарына сүйене отырып жүргізіледі.

Екіншіден өндірістегі әр бір мамандық иесі жұмыс орнында атқарылу қызметіне қарай жұмыс орнының зиянды және қауіпті әсерлерімен ұштасады. Қауіпті факторлар ағзаның жедел бұзылуына, өліміне әкеліп соқтырса, зиянды факторлар – жұмысшының жұмыс істеу қабілеттілігіне теріс әсерін тигізіп, кәсіби аурудың пайда болуына тікелей әсер етеді. Бұл зиянды және қауіпті әсерлер қысқаша төмендегідей түрлерге бөлінеді:

1.Өндірістік физикалық факторлар.

- жоғарғы төменгі температура, жоғарғы ылғалдылық, жұмыс орнының ауа алмасуы;

- инфрақызыл сәулелерінің жоғары деңгейі;

- ультрокүлгін сәулелерінің жоғары деңгейі;

- лазерлік сәулелерінің жоғары деңгейі;

- ионизациялық сәулелерінің жоғары деңгейі;

- ЭМӨ жоғары деңгейі;

- жұмыс орнының жоғарғы деңгейді түрлі шаңдар мен газдармен ластануы;

- шу, діріл, ультро, инфро дыбыс деңгейінің жоғары болуы;

- жарықтың жеткіліксіздігі;

- жоғары және төменгі атмосфералық қысым.

2. Өндірістік химиялық факторлар.

- газдар, парлар, түрлі сұйықтар, аэрозольдар;

3. Өндірістік биологиялық факторлар.

- микро, макро организмдер, жұқпалы, инвазиялық аурулар;

4. Өндірістік жарақаттану факторлары.

- химиялық препараттардың, қозғалатын машиналар мен механизмдердің, жоғарғы, төменгі температуралар, электр жүйелерінің әсерінен болатын жарақаттар.

Өндірістік нысандарда кәсіби аурулардың алдын алу үшін төмендегі бірқатар шараларды орындау қажет, атап айтқанда: технологиялық құралдарды герметизациялауды жандандырып, бақылауды күшейту; өндірістік жұмыс орнындағы аспирациялық, вентиляциялық жүйелерінің тиімді жұмыс істеуін зертханалық зерттеулер жүргізе отырып бақылау жасау; шу деңгейі жоғары болған технологиялық қондырғыларға тексеру жүргізіп, шу әсер ететін жұмыс орнының жанынан ұдайы үзіліс жасау үшін бөлме қарастыру; жұмыс орнының ауасына және физикалық факторлар деңгейіне өзіндік зертханалық бақылау жүргізу; жұмысшылардың өндіріс саласына сай берілген жеке сақтану құралдары мен арнайы киімдерді жұмыс кезеңінде пайдалануын талап етіп, бақылау жүргізу; арнайы тағамдармен қамтамасыз ету; темекі шегудің адам ағзасына зияндығы жөнініде санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу.

Сондықтан адамның өмір сүру ортасының ластануы мен денсаулығын сақтауда өндірістік нысандардағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталынуы қоғамға аса маңызды екенін назарда ұстайық.


А. Даулетова, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы

тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің

сапасы мен қауіпсіздігін бақылау

басқармасының бөлім басшысы 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Кәсіби аурулар туралы не білеміз?