Жасөспірім шақтағы семіздіктің алдын алу

Screenshot_5.jpg

Бүгінде, статистикаға сүйенсек, қазақстандық балалардың 20 пайызы cеміздіктен зардап шегеді. Семіздік деген қауіпті естілмегенімен, дәрігерлер бүгінде бұл мәселеге дабыл қағып жатыр. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметіне сенсек, 2025 жылға қарай семіздіктен зардап шеккен балалардың саны әлем бойынша 70 миллион адамға жетуі мүмкін. Дәрігерлер мұны XXI ғасырдың дерті деп отыр. Дәрігердің айтуынша, бұрындары семіздікке 40 жастан асқандар мен бірнеше бала босанғандар шалдықса, бүгінде бұл дерт көбіне 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдерде кездеседі. Семідік дегеніміз тері асты шеліне және басқа да организмдегі тіндерде майдың жиналуының нәтижесінде ден салмағының 20%-ке, немесе одан да көп артуы.

Семіздік дамуының қауіпті басты факторлары:

Бірінші кезекте, әрине, дұрыс тамақтанбау. Фаст фуд пен тәтті сусындарды шамадан тыс пайдалану. Жалпы бұл дерт бізге шетелден келіп отыр. Дегенмен Қазақстанда семіздікпен күресу әлі кеш емес. Бастысы - ата-ана балаға қолдау білдіруі тиіс. Осы проблеманы шешуде ата-ананың рөлі өте зор. Олар семіздіктің қандай дерттерге шалдықтыратынын түсінуі қажет. Метаболикалық синдром гипертония, қант диабеті, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы, холецистит, панкреатит, өтте тастың пайда болуына әкелуі мүмкін.

Тағы да бір фактор балаға семіздіктің көбіне тұқымнан келуі. Бірақ ата-анасы артық салмақтан зардап шексе, баласы да міндетті түрде дәл сондай семіздікке шалдығады дегенді білдірмейді. Семіздік негізінен ағзадағы алмасу процестерінің қалай өтетініне байланысты пайда болады. Мысалы, отбасында ата-анасының екеуі де семіздіктен зардап шексе, балада артық салмақтың болу қаупі 80 пайызға тең. Ал ата-ананың тек біреуінде, мысалы анасында ғана артық салмақ байқалса, баланың семіздікке шалдығу қаупі - 50 пайыз, ал әкесі осы дерттен зардап шексе, баланың семіздікке ұшырау қаупі тек 35-40 пайыз болатындығы дәлелденген. ҚазАқпарат мәліметтері бойынша, балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу Еуропа елдеріне қарағанда бізде бүгінде 10 есеге өскен. Қазіргі уақытта 5 жасқа дейінгі балалардың 11,4% артық дене салмағы мен семіздікке шалдыққан.

Артық салмақ өмір сүру ұзақтығын шамамен 7 жылға қысқартатыны дәлелденген.Ертеде арықтық өлім-жітімнің басты себебі ретінде айтылса, қазіргі кезде артық салмақ ажалға апаратын басты себептердің бірі болып отыр. Осы себепті семіздіктің алдын алу жолдарына тоқталып өтейік.

Бірінші кезекте салауатты тамақтануды қамтамасыз етуге арналған ұсыныстармен танысайық, олар төмендегідей:

-Тамақтану режимін жəне бөліп тамақтану ұстанымын сақтау (күніне 4-5 рет). Күніне 4-5 рет тамақтану ең оңтайлы тəсіл болып саналады, себебі, тағам ағзаға жиі жəне аздаған мөлшерде келіп түседі. Күн соңындағы тағамды ұйықтардан 3-4 сағат бұрын қабылдау пайдалы.

-Қаныққан май қышқылдарына бай мал өнімдерінің майларына (сары май, майлы ет жəне ет өнімдері, мал майы, құйрық май, іш май, тоңмай), транс-майлы қышқылдарға бай маргаринге, жеңіл сіңетін көмірсуларына (қант, тəттілер, кондитерлік өнімдер) шектеу қою арқылы ас мəзірінің құнарлылығын азайту.

-Ас тұзын қолдану мөлшерін күніне 2-3 грамға дейін (бір шай қасық) шектеу.

-Күн сайын 30 минутқа дейін орташа немесе қарқынды салмақ түсіретін жаттығулар жасау.

-Шикі көкөністер мен жемістерді көбірек (күніне 400 грамнан кем емес) жəне жиірек (күніне кем дегенде 4-5 рет) тұтыну.

-Нан, əсіресе, ақ нан жеуге шектеу қою. Негізгі тамақтану сəтінде мал өнімдерінің ақуыздарын тұтыну (майлылығы төмен сүт, ет, балық өнімдері).

-Тəбет ашатын тұздықтарды, дəмдеуіштерді, ащы тісбасарларды ас мəзірінен алып тастау.

-Тамақты асықпай, аздаған көлемде, мұқият шайнай отырып жеу.

-Дəрігердің кеңесімен аптасына 1-2 рет жеңілдік күнін (құнарлылығы аз ас ішу) өткізу.

-Тəтті тағамдарды тұтыну деңгейін күрт шектеу, тіпті, толықтай тоқтату, ал көкөністер тұтыну көлемін арттыруға кеңес беріледі.

-Мектепке кетер алдында салауатты таңғы ас беру;

- Мектеп буфеттерінде салауатты тағам беру (тұтас дəндер, көкөністер, жемістер);

Жоғарыда аталған семіздіктің алдын алу факторларынан дене қозғалысына қатысты салауатты өмір салтын ұстану мен оны орындау ұсыныстарын еш алып тастай алмаймыз, олар төмендегіше:

-Салмақты бақылауда ұстап, күнделікті дене жаттығуларын жасау;

-Семіздікдің алдын – алу мақсатында ұтымды тамақтанудың ережесін және дәрігерге тексеріліп қаралу;.

-Ұтымды тамақтанбау, күнделікті жаттығуларды жасамау, аз қозғалыс семіздікке әкеп соқтыратынын ескеру;

- Уақытылы тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану, көкөніс пен жемістерді жеу, қауіпсіз диетаны пайдалану семіздіктің алдын – алу болып табылатынын біле отырып орындау;

Сондықтан,болашақ елдің – жас ұрпақтары, дұрыс тағам – негіздердің негізі, әрқашан сен жүрегіңмен және тәніңмен сау, әдемі бол!

А.Даулетова, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы

тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің

сапасы мен қауіпсіздігін бақылау

басқармасының бөлім басшысы