Бәйдібек: Тұрғындар ақ халаттыларға алғысын жаудырды
Адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандар қандай құрметке болсын әбден лайық. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күнінде «Мың алғыс!» жалпы республикалық акциясын бастаған болатын. Аталған акция бұл жолы Бәйдібек ауданында өз жалғасын тапты.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қырықбаева Нағима Маханқызы аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандарымен бірге орталық аурухананың провизорлық бөлімшесінде өз отбасынан жырақта еңбек етіп, қауіпті індетке шалдыққан науқастарға күндіз-түні аянбай еңбек етіп, коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер мен кіші буын медициналық қызметкерлерінің үйлеріне барып, шексіз ризашылығы мен алғысын білдірді. Құрбан айт мерекесімен құттықтап, мерекелік сый-сияпаттар табыс етті.
Дүниежүзін жайлаған қауіпті індетпен күресте ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға күш түсіп отырғаны белгілі. Мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне деген жауапкершілік жүгі індет жұқтырғандар саны артқан сайын еселеп ауырлады. Медицина мамандары алғашқы науқас анықталған сәттен бастап, бірнеше апта бойы отбасыларынан тысқары жүріп, өз денсаулықтарын қатерге тігіп дертпен күресіп келеді. Сондықтан да медицина мамандарына мың алғыс та аз.