Ордабасы: Саумалға сұраныс артты
Ордабасылық тұрғын Гүлжан Мырзабай 20 жылдан астам уақыт бойы биелерден сүт өндіріп, қымыз жасаумен айналысып келеді екен. Бүгінде сүттің осы бір түріне деген сұраныс артқан, оның себебі қазақта саумал сан түрлі ауруға ем, иммунитет көтеруші болып саналған.
Кәсіпкердің айтуынша, саумал сауып сату - ата кәсіп. Қазір ол келініне өз енесінен білгендерін үйретіп, қымыз жасаудың құпияларын ашуда екен.
Қазіргі таңда 6 бие байлап отырмыз. Олар әр екі сағат сайын сауылады. Қымыздың емдік қасиеті белгілі ғой. Бүгінде пневмониямен ауырғандар, аурудың алдын алғысы келгендер сұранысты арттырды. Бірақ, біз бағаны көтерген жоқпыз. Елдің еміне септігі тисе, соны бақыт тұтып отырмыз, - дейді Гүлжан.
Сусынның бағасы тұрақты, литрі 600 теңгеден көтерілмеген.
Әсіресе, саумал ерекше сұранысқа ие. Емге қабылдайтындар үшін кем дегенде 10 күн ішуге кеңес беріледі. Арасында 10 күн демалып, қайта ішу иммунитетті көтеруге мол септігін тигізеді.
Саумал өкпе аурулары, рахит, жүйке жүйесінің бұзылуы, ас қорытуды қалпына келтіріп, артық салмақтан арылуға көмектеседі дейді Гүлжан Бимырзақызы.
Жалпы, аудан орталығында бие ұстап, қымыз баптау кең тараған. Аудан аумағындағы жылқы саны биыл 500 басқа артып, 25 мыңға жуықтады.