Сайрамда дақылдарды жинау маусымы қарқынды жүруде
Түркістан облысы, Сайрам ауданында егістік алқаптары қожайындары көкөніс және жеміс жидек өнімдерін жинауды бастап кетті. Биыл ауданда егістік алқаптары мол өнім беріп, диқандар мен бағбандардың көктем жаз еткен еңбектерін ақтап, кәсіптерінің алға ілгерілеуіне септігін тигізді.
Ағымдағы жылы ауданда суармалы егіс алқаптарында 2800 гектар жерге ерте картоп егіліп, толық жинап алынды. Орташа түсім 171,7 ц/га құрап, жалпы 48100 тонна өнім өндірілді. Бұл нәтиже аудан егістік алқаптарының болашағы зор екенін айтады.
Бүгінгі күнге 5500 гектар көкөніс алқабынан 90694 тонна өнім жиналса, жеміс-жидек алқабынан 11950 тонна өнім жиналды.
Елде жеміс-жидек пен көкөніс экспортына ешқандай шектеу жоқ. Тек картопты ғана шекарадан шығаруға тыйым салынған. Сондықтан жиып алынған картоп өнімдері ішкі нарыққа жіберілетін болады.
Көкөніс және жеміс-жидек жинау жұмыстары жалғасуда. Шаруалар әлі де өнімнің молаятынына зор үмітпен қарайды. Еңбектің наны тәтті деп, бүгінде ауданда егін егіп, кәсібін өрлетіп отырғандардың да қатары күн санап артып келеді.