Темекіні тастау арқылы денсаулығыңызды нығайтыңыз
Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз бар. Алайда қазіргі таңда осы баға жетпес байлығымызды будақ-будақ темекі түтініне тұншықтырып отырған жайымыз бар. Бұл қазіргі ғана емес, болашақ ұрпақтың да денсаулығына ерекше қауіп төндіретін қатер. Сонымен қатар темекі адам денсаулығынан бөлек, ел экономикасына, әлеумет әлеуетінің де күрт әлсіреуіне бірден-бір көлденең кесел.
Егер темекіні тастаймын деп шешсеңіз, сіз өміріңіздегі ең маңызды деген шешімдердің бірін қабылдадыңыз. Бұл шешім, сөз жоқ, денсаулығыңызға жағымды әсер етеді. Бұл ретте темекіні тастауға және бірізділікті сақтауға тиімді көмектесетін тәжірибемен дәлелденген әдістер бар.
Темекі шегуде сізге ұнамайтын нәрселер туралы ойлаңыз. Сіз темекінің өкпе обыры мен жүрек сырқаттарын тудырып, денсаулыққа зиян келтіретінін түсінесіз бе? Темекіден бас тартып, өзіңізді бұрынғыдан гөрі жақсы сезінгіңіз келе ме? Балаларыңызға жақсы үлгі көрсеткіңіз келе ме? Шашыңыздан және киіміңізден шығып тұратын жағымсыз иістен арылғыңыз келе ме? Осы себептердің бәрін қойын дәптеріңізге жазып қойыңыз. Темекіге оралғыңыз келген әрбір сәтте қойын дәптеріңізді ашып, осы тізімді оқыңыз және неліктен темекіні тастаймын деп шешкеніңізді есіңізге түсіріңіз.
Қайтадан темекі шегуіңіз мүмкін жерлерді есте сақтап, ол жерлерді айналып өтуге тырысыңыз. Оның орнына темекі шегуге тыйым салынған жерлерге – кинотеатрларға, мұражайларға, сауда орталықтарына, т.б. барыңыз. Темекі тартпайтын адамдармен көбірек қарым-қатынас жасаңыз. Темекі шегуіңіз мүмкін сәттерде бір іспен шұғылдануға тырысыңыз. Темекі шегу әрекетіңіз сізге қолайсыздық тудыруы үшін бәрін жасаңыз. Мысалы, оттықтарды лақтырып тастаңыз және сіріңке қораптарын тығыңыз.
Темекіні жаңа әдеттерге алмастырыңыз. Мысалы, жұмысқа бара жатқанда темекінің орнына сағыз шайнаңыз. Тамақтанып болған соң ерінге темекі қыстырып, әңгімені жалғастырудың орнына дастарқан басынан бірден тұрып кетіңіз. «Жоқ, мен темекі шекпеймін» деген сөзді үнемі қайталай жүріңіз.
Стресс пен үрей – темекі шегуге итермелейтін себептер. Мүмкіндігінше стрестік жағдайлардан сақтану немесе оны тудырған себептерді жою керек. Бұған шамаңыз келмеген жағдайда ішпен тыныс алу, медитация немесе дене жаттығулары секілді босансытатын жаттығуларды қолданыңыз. Дұрысы, босансып, сүйікті музыкаңызды тыңдаңыз.
Келесі апта немесе келесі ай туралы ойламаңыз. Бүгінгі күнге ден қойыңыз. Темекісіз өткізілген әрбір сағат одан толық арылуға және зиянды әдеттен тәуелсіз болуға деген сіздің мүмкіндіктеріңізді арттыра түседі.
Жоғалтатын нәрсеңіз емес, жаңадан ие болатын нәрселерін туралы ойлап, соған басты назар аударыңыз. Ықтимал сәтсіздік туралы емес, сіз қабылдаған шешімнің жеңісі туралы ойлаңыз. Мысалы, толып кететініңізді еске алмаңыз: темекіні тастағандар орта есеппен бір жарым килограмнан артық семірмейді. Темекіні одан гөрі салауатты іс-әрекетке алмастырыңыз – дене жаттығуларына, салауатты тамақтануға немесе басқа бір қызықты ермекке.
Темекіні тастаған күніңізді көзге түсетін әр түрлі жерлерге – айнаға, компьютер мониторына, автомобиль панеліне жазып қойыңыз. Темекі тастағаныңыз үшін өзіңізді марапаттаңыз: қызықты фильм жазылған диск сатып алыңыз немесе мейрамханаға барыңыз.
Әрине, көп жылдық әдетті бірден тастай салу оңай емес. Бірақ темекіні тастасаңыз, сіз өзіңізге денсаулық сыйлайсыз, жаныңыздағы адамдарға, әсіресе өзіңізді сүйетін адамдарға үлкен жақсылық жасайсыз.
Дәметкен АЙМАҒАНБЕТОВА,
Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігері