Қала тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылып отыр
2009-2022 жылдар аралығында Еуропалық қайта құру, даму банкі мен Қазақстандағы кәсіпорын, мекемелер арасында табысты серіктестікке қол жеткізіп отырған компаниялардың бірі – шымкенттік «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС. Өңірді сумен жабдықтау және шайынды су жүйелерін жаңғыртып, қайта құруға жұмсалған инвестиция бүгінде өз жемісін беріп отыр. Осы жылдар аралығында Еуропалық қайта құру, даму банкі және «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС 5 келісім-шарт түзді. Оның құны 15,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы "Су ресурстары - маркетинг" ЖШС директоры Анарбек Орман бүгін брифингте мәлімдеді.
13 жылға (жылдық ставкісі 5,5 пайыздық мөлшерлемемен) алынған несие толығымен өтелді. Нәтижесінде:
-336 шақырым су құбырлары жүйесі жаңартылды;
-47,3 шақырымды құрайтын кәріз жүйесі жаңартылды;
-Су сорғылары желісін автоматтандыру, зарарсыздандыру және суды тасымалдау жүзеге асты;
-Қала көшелерінде орнатылған 2,9 мың ортақ және жеке есептегіш құралдары автоматтандырылған түріне ауыстырылды; 5127 тұтынушы тұратын 147 көшедегі және 3343 абонент тұратын 50 тұрғын үйлердегі жүйелер жаңаланды;
-Тәулігіне 100 мың текше метр шайынды суды тазартуға қауқарлы жабдықтар толығымен жаңартылды;
-Шайынды суды тазарту көлемін 150 мың текше метрге дейін ұлғайта отырып, биогаз өндіру құрылғысы орнатылды;
-Көмеш бұлақ су қабылдау орны қалпына келтірілді.
Осы ауқымды жұмыстың нәтижесінде қала тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. ЕДҚҚБ шымкенттік Су арнасы мекемесімен ары қарай жалғастырады. Келесі кезеңде Шайынды су тазарту қондырғыларының кешенін кеңейту, жабдықтау қолға алынбақ. Ауқымды жұмыстарға еуропалық банк 3,3 млрд теңге несие береді. Құжаттарға екіжақты қол қойылды. Инвестициялық бағдарлама бекітілуде.