Сібір жарасы

Сібір жарасы – зоонозды, аса қауіпті, қоздырғышы жанасу механизмі арқылы берілетін, тері қабатының карбункул тәрізді зақымдалуымен, қызба және интоксикациямен, кейде сепсис дамуымен сипатталатын жұқпалы аурудың түрі.

Screenshot_6.jpg

Сібір жарасы - адамға көп жағдайда сырқаттанған ауылшаруашылық малдарынан жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауру карбункул (жара) түрінде сыртқы жабындарды зақымдаумен, қызба, интоксикациямен, кейде сепсистің дамуымен сипатталады. Қоздырғыштың ағзаға ену жерінде оттың шоғына ұқсайтын (ортасы қара айналасы қызыл) жаралар пайда болады, ертеде ол жараларды «қасиетті от» деп атаған.

Сібір жарасы ауруының қоздырғышы сыртқы ортада өте тұрақты, табиғаттың қолайсыз факторларына төзімділігімен ерекшеленеді. Ол қолайсыз жағдайларда спора түріне еніп, топырақта 100 жылға  дейін  белсенділігін жоғалтпайды. Малдың немесе адамның денесіне енгенде спорлар тез арада өзгеріп, ауру қоздыратын түрге айналады.

Ауылшаруашылық малдары аурудың қоздырғыштарын көбінесе сібір жарасынан қолайсыз деп есептелінетін жайылымдарда жайылып, әсіресе құрғақшылық кезде аласа өскен шөппен бірге топырақты жегенде жұқтырып ауырады. Аурудан өлген малдардың барлық мүшелері мен тіндері, терісі, жүні, сүйектері залалды  (жұқпалы) болады.

Адамдарға сібір жарасымен ауырған малды сою, терісін сыпырып, етін бөлшектеу, тамаққа пайдалану, жүнін өңдеу кезінде ауру жұғуы мүмкін, бұл кезде бірен – саран жағдайлар немесе топтап аурулар кездеседі. 

Сібір жарасының терілік түрі ең жиі кездеседі. Науқастардың саусақ, білек, мойын, бет, аяқ, т.б. мүшелер терісі зақымдалады. Терінің зақымдалған жерінде қатты қышитын қызыл дақ пайда болып, күлдіреп 2 – 3 күннің ішінде ортасында көмірдей қара қабыршағы бар жараға айналады. Жараның айналасы қызарып, жалтырап ісіп тұрғанымен, ұстағанда ауырмайды. Дененің қызуы көтеріледі. Уақытында ем қолданылмаса, қоздырғыш қанға өтіп (сепсис) денеге жайылып аурудың өлімге әкеліп соқтыруы ықтимал.

Сібір жарасы ауруының алдын алу үшін әрбір адам төмендегідей қарапайым ережелерді сақтауы қажет:

- жылына 1 рет малдарын  сібір жарасына қарсы ектіру;

- малдары кенеттен ауырған немесе өлгенде, міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлау;

- малды соятын немесе сататын жағдайда, алдын ала мал дәрігеріне көрсетіп анықтама алу;

- малшыларды, т.б. мал шаруашылығымен шұғылданатын кісілерді  сібір жарасына қарсы вакцинамен уақытылы егу;

- мал ұстайтын қора жайларда тазалық сақтау шараларын әрдайым жүзеге асырып отыру қажет.

Қорыта келе айтарымыз, мал немесе мал өнімдерін сатып алатын болсаңыз, сатушылардан мал дәрігерімен берілген анықтаманы талап етіңіздер және арнайы ет сататын жерлерден ғана сатып алыңыздар. 

Ауладағы ауылшаруашылық малдарын ұстау ережелерін мұқият сақтаңыздар. 

Аурудың алғашқы белгілері байқала қалса, дәрігерге қаралыңыз, дер кезінде басталған ем өміріңізді сақтап қалатындығын естен шығармаңыз!Бәйдібек аудандық  

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 

эпидемиологиялық бақылау

және қадағалау бөлімінің басшысы К.Құдайбергенова 

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Сібір жарасы