Вирусты гепатит ауруының алдын алу

Вирусты гепатит – бауыр жасушаларының вирустармен зақымдалуы. Гепатит, вирусты гепатитті тудыратын бірнеше вирустар бар. Олар өз алдына екі топқа бөлінеді. Энтеральды (ауыз арқылы жұғатын А, Е гепатиттері) және парентеральды гепатиттер (В, С, дельта, тета, т.б. вирустар). 

Screenshot_8.jpg

А, Е энтеральды гепатиті адамнан адамға инфекция, вирус түскен су, тағам арқылы жұғатын болса, парентеральды гепатит қан арқылы жұғады (мысалы, адамға гепатитпен ауырған науқастың қаны құйылса немесе стоматологқа барғанда дәрігерлер ауырған адамға қолданған құрал-сайманын басқа адамға қолданатын болса, сонымен қатар, маникюр, педикюр, денеге татуировка сурет салатын жерлерде де жұғуы мүмкін). А гепатиті көбінесе көктем, жаздың аяғы, күз айларында кездессе, парентеральды гепатит жыл бойына кездесе береді. Энтеральды, парентеральды гепатиттердің өзінің клиникалық белгілері бар, өзінің кезеңі бар. Мысалы, А гепатитіне келсек, оның дамуы бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі – инкубациялық кезең. Ол 5-45 күнге дейін созылса, одан кейін 4-7 күнге созылатын сарғаю басталады. Одан әрі сарғаю, жазылу кезеңдері.

Ал парентеральды, В, С гепатиттеріне келсек, оның инкубациялық кезеңдері алты айға дейін созылады. Сарғаю алды білінбейді. Науқас күннен-күнге шаршап, біраз уақыттан кейін өзінің сарғайғанын біледі, қашан ауырғанын айта алмайды. Сондықтан оларға эпидемиялық анализ жинап, клиникалық көріністеріне мән берсек, қандай гепатит екенін білуге болады.

А гепатитін жұқтырған адамда сарғаюдың алдында әртүрлі белгілер байқалады. Мысалы, тұмау ауруымен ауырып қалған тәрізді дене қызуы көтеріліп, құсуы мүмкін. Не болмаса ішек ауруы тәрізді басталып, іші өтіп, не буындары сырқырап, басы айналуы мүмкін. 5-6 күннен кейін денесі, көзі сарғая бастайды. Кіші дәреті қою қоңыр түсті болады да, үлкен дәреті ағарып кетеді. Ал В, С гепатитіне келсек, ол біраз уақыт созылмалы түрде өтеді. Ауру ауырғанын сарғайғанда ғана болмаса, бірден біле қоймайды. Мұндай жағдайда біз анализдік талдау жасап, эпидемиологиялық анамнездерін міндетті түрде сұрауымыз керек. Науқас сырқаты жасырын өткен 6 айдың ішінде тіс емдеген болса, не болмаса бір аурумен ауырып қан құйылған болса, т.с.с. гепатитті басқаларға да жұқтыруы мүмкін деп ойлауымызға негіз бар. А гепатиті жедел түрде өтеді. Сондықтан ол созылмалы түріне айналмайды, толық емделсе, ауру жазылып кетеді. Е гепатиті, әсіресе, жүкті әйелдерде кездессе, ол қауіпті. Ал В, С, дельта гепатиті секілді қан арқылы жұғатын гепатиттердің 30-40 пайызы созылмалы түрге айналып кетуі мүмкін. Жедел емделмесе, цирроз аурына, тіпті әрі қарай бауыр обырына апарып соғуы мүмкін. Сол жағынан, ол өте қауіпті. Ал емделгеннен кейін, міндетті түрде бауырға ерекше күтім қажет. Сондықтан, дәрігер ұсынған тағамды ғана жеу керек. Тағаммен бірге режим сақтап, ауыр жүк көтермеу керек. Гепатитпен ауырған науқастардың барлығы міндетті түрде диспансерлік бақылауда тұрады. Қуырылған және жартылай дайын тамақтарды, шикізаттарды, ұзақ сақталатын консерванттар қосылған тағамдарды жемеу керек. Ішімдік, кока-кола, т.б. газдалған, химиялық заттар қосылған сусындар ішуге болмайды. Сонымен қатар, дәрілік заттарды да қолданған күнде, бауырға әсері аз түрін қарастыру керек. Вирусты гепатитті халық арасында сары ауру деп атайды. Созылмалы вирустарға өте көп көңіл бөлу керек. Әсіресе, өздері ауырып, ана болуға дайындалатын қыз-келіншектер денсаулықтарын күтуі тиіс. Екпелерді уақытылы алып, скринингтен өтіп тұрған дұрыс. Сары ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Созылмалы вирусты гепатиттің соңы бауыр обырына айналуы мүмкін. Сондықтан сақтану керек.

Бәйдібек аудандық санитариялық-эпидемиологиялық 

бақылау басқармасының бас маманы Г.Лесова

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Вирусты гепатит ауруының алдын алу