Қызылша ауруы туралы не білеміз?

Қызылша – ауа жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Ауру байланыс және ауа арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді. 

Screenshot_5.jpg

Инкубациялық кезеңнің  2-күні мен  бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн аралығында ауырған адам инфекция көзі ретінде айналадағыларға қауіпті таратушы болады. Ал, 5-күннен бастап, бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.

Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Ең маңыздысы – ауру суық тию белгілерімен басталады, белгілері: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюнктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), беттің шырышты қабығында (азу тістерінің тұсында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.

Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.    

Әрбір суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелген жағдайда, ауру ошағын оқшаулап, әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізу маңызды.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы - вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Егу тұрақты иммундық қорғанышты қалыптастырады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егілмеген адамдарға эпидемиологиялық көрсетіліммен 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады.

П.Мақұлбек,

Қаратау ауданының СЭББ-ның бас маманы

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қызылша ауруы туралы не білеміз?