Конго Қырым геморрагиялық қызбасы несімен қауіпті?

Конго-қырым геморрагиялық қызбасы(КҚГҚ) - вирустық жұқпалы ауру.   Аурудың жұғу механизмі-трансмиссивті. Кененің шағуы арқылы жүреді.  Инфекция кене шаққан жерден басталады және сырқат адамның қанын жалаң қолмен ұстағанда,  науқасқа күтім жасағанда, лабораториялық жағдайда  және ауруханада науқасқа ем жүргізу кезінде  медицина мамандарына жұғу қауіптілігі жоғары болады.   

Screenshot_18.jpg

Аурудың клиникалық көріністері. Инкубациялық  (жасырын кезең) ұзақтығы – 1-14 тәулік. Басталу кезеңі 9 күнге дейін созылады. Ауру қатты басталады. Жаурап қалтыраудан дене температурасы 39-40 C-қа дейін көтеріледі. Ауырғандар бас, буын мен бұлшық ет, іш пен бел ауруы, жүрек айнуы және құсу, іш өтумен  шағымданады. 

Ауру адамдарды тексеру барысында бет, мойын, кеуденің жоғары бөлігінің, коньюктиваның қызаруы, көздің  қантамырларында ұсақ қан бүршіктері пайда болуы, жүрек қызметінің бәсеңдеуі, қан қысымының төмендеуі байқалады. Бүйрек тұсы ауыра бастайды. 

Гемморагиялық кезең  3-6-тәулікте басталады – іште, кеуденің оң жақ бүйірінде, иық белдеу аймағында, жиірек арқада, жамбас және білекте бөртпелер пайда болады. Ине салған жерлерде қанды сүйел байқалады. Шырышты қабықта қанталау белгіленеді, жатырдың және мұрынның қанауы, қан түкіру, ішкі дәретпен қан кетуі, қызыл иектің шырышты қабығының, ауыздың, тілдің және конъюктиваның қанауы. 10 тәулікке жалғасқан асқазан және ішектен қан кетеді.

Зерттеу әдістері - ауырған адамның қанын арнаулы зертханада тексеріп аурудың түрін анықтайды.

Қазақстандағы КҚҚБ-ның табиғи ошақтары-Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумақтары.  Жыл сайын осы қолайсыз өңірлерде  КҚҚБ-мен  науқастар тіркеліп тұрады. 

Жұқтырудың аса жоғары қаупіне  ауыл шаруашылығы жануарларын бағу, сауу,  әсіресе оларды қырқу, союмен айналысатындар жиі шалдығады.  

 КҚГҚ-сының   таралуының алдын алу үшін кенеге қарсы өңдеуді уақтылы жүргізу қажет. Дезинсекциялық препараттармен тиімді өңдеу үшін аумақты алдын ала міндетті түрде тазалау қажет.

Дезинфекциялық  қызмет ұйымдарымен бір мезгілде ветеринариялық қызмет мамандары буферлік аймақтарға (бұталар, суаттар және тұрақты немесе уақытша елді мекендердің төңірегіндегі ауыл шаруашылығы жануарларының басқа да тұратын орындары), мал мен мал қораларына кенеге қарсы өңдеу жүргізеді.

КҚГҚ -нан қорғану мақсатында халыққа мынадай кеңес береміз: -жануарларды қырқу кезінде қолғапты пайдалану, қолғапты шешкеннен кейін қолды сабынмен жуу қажет. 

- Кенені қолмен жаншуға жол бермеу. 

- КҚҚБ бойынша эндемиялық өңірлерде табиғатқа немесе жайылымға шыққан кезде кенелердің шағуын болдырмау үшін ұзын жеңді ашық түсті тығыз матадан жасалған киім кию қажет. Шалбар шұлыққа және жабық аяқкиімге салынуы тиіс. 

- Өздеріңізді және киімдеріңізді кенені табу үшін қайта-қайта мұқият қарау керек. 

- Дененің ашық бөліктері мен киімді реппелленттермен өңдеу керек. Кене шаққанда, кенеттен температураның көтерілуі,  бас ауыруы, барлық дененің сырқырауы, кейде жүрек айну мен құсу сияқты аурудың алғашқы симптомдары байқалғанда тез арада дәрігерге қаралу керек. 

Денеге қадалған кенені алып тастау тәсілі қалай жүргізіледі? 

Жабысқан кене денеге бірден қадалмайды, сондықтан оны уақтылы алып тастау  ауру жұқтырудың алдын алуы мүмкін.    Осыған байланысты денеге қадалған  кенелерді анықтау үшін  әрбір адам өзін-өзі немесе бірін-бірі қарап шыққан маңызды.   Денеге қадалған кене анықталған кезде, оны  дереу алып тастайды.  

Кенені алып тастаудың мынадай қарапайым қағидаларын сақтау қажет:

Кенені жалаң қолмен ұстамаңыздар, өйткені жұқпалы ауру агенті  шырышты қабықтар немесе терідегі  зақымданған жерлер  арқылы енуі мүмкін.  Осындай сақтық әсіресе кенелерді үй жануарларынан алып тастайтын  адамдар үшін  қажет; 

Ұшы өткір пинцетті пайдаланыңыз  немесе саусақтарыңызды резеңке қолғаптармен  немесе қолғап болмаса, матамен қорғаңыздар; 

Кәдімгі пинцетпен  оны теріге мүмкіндігінше  жақындата отырып, онымен кенені  іліп алу қажет.  Пинцетті  қатты  қыспай (кенені мыжып тастамау үшін)  шайқалтпай, ақырын және жұлқымай  абайлап тарту керек, өйткені  олай тартпау  кененің ауыз  бөлігінің  бөлініп  теріде қалып қоюына  әкелуі мүмкін. Егер олай болса,  ауыз бөлігін  пинцетпен іліп, тартып шығару керек;

Кенені тартып алғаннан кейін шаққан жерді дезинфекциялайтын  затпен (спиртпен, иодпен) өңдеңіз және қолыңызды сабындап жуыңыз;

Кененің денесін мыжғылап  езбеңіз, өйткені ішінде және сұйықтығында  патогендер болуы мүмкін;

Алынған кенені ыдысқа салып, қақпақпен тығыздап жабу қажет.

Кенеге керосин, май, ацетон немесе басқа да  сұйық құюға, сондай-ақ оны теріден  түсіру үшін  кенені ысытуға болмайды. 

Сіздің міндетіңіз -оның  өзі түсіп қалуын күтпей кенені мүмкіндігінше  тезірек алып тастау. Ауру жұқтыру қаупін азайту үшін уақыттың маңызы зор.

К.Кудайбергенова,

Бәйдібек аудандық СЭББ эпидемиологиялық

бақылау және қадағалау  бөлімінің басшысы