Пиротехникалық заттарды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар!
Жаңа жыл қарсаңында дүкен және сауда орталықтарының сөрелері сан түрлі пиротехникалық өнімдермен көздің жауын алады. Негізінен пиротехника – бұл маусымдық тауар.
Дүкен не базар сөрелерінен пиротехникалық өнімдерді сатып аларда абай болған абзал. Баса назарды өнім қаптамасына аударған жөн. Ол зақымданбаған болуы қажет. Сонымен қатар өнімде мемлекеттік не болмаса орыс тілінде жазылған қолдану нұсқаулығы болуы қажет. Қаптамада міндетті түрде от шашу саны, көлемі және әсері туралы мағлұмат көрсетілуі қажет. Ақауы бар, мыжылған, суланған, сұр не қара түсті бояуы шашылған өнімдер қауіпті болуы (аяқ асты жанып кетуі) мүмкін. Пиротехникалық құралдарды қаптамасыз сақтауға және қалтада сақтауға болмайды.
Пиротехникалық өнімдерді қатты жел кезінде ғимараттар мен үйден 30 м қашықтықта қолдану керек. Пиротехниканы тек нұсқаулыққа сай үлкендердің қатысуымен далада және ашық алаңда ғана қолдану қажет. Егер де пиротехникалық өнім жанбай қалған жағдайда, оған 10 минут көлемінде жақындауға және қолға алуға болмайды. Ол кенеттен жанып кетуі мүмкін, бұл өз алдына қауіпті болып табылады. Жерге түскен ракета тәріздес пиротехника қалдықтарын жинамаңыз, олар қолыңызда жарылуы мүмкін.
Егер де сіз жарамдылық мерзімі өтіп кеткен пиротехникалық өнімді сатып алған болсаңыз, оларды отқа тастап жоймаңыз. Олардан арылудың тиімді әрі қауіпсіз жолы: оларға су құйып, 2 сағат күтіп, кәдімгі қоқыстармен бірге қоқыс жәшігіне тастауға болады.
Пиротехникалық бұйымдарға ұсынылатын өрт қауіпсіздігі талаптары, сондай-ақ оларды сынау әдістері Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат еткен мемлекеттік стандарт талаптарына, белгіленген тәртіппен бекітілген өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құжаттарға сәйкес болуға тиіс.
Сондай-ақ, сәйкестілік сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдардың бей-берекет саудасына және рұқсат құжаттарынсыз аталған бұйымдарды сату әрекеттеріне тыйым салынады.
К.Т. Рустемова,
Әл-Фараби СЭББ басшы орынбасары
Бөлісу тақырыбы: Пиротехникалық заттарды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар!