Екі жұмыс істейтіндер жарнаны қалай төлейді?
МӘМС төлемдері бойынша ставкалар өзгеріссіз қалды. Бірақ 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері ұлғайды. Ол бірнеше төлемнің көлеміне әсер етті.
Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3 пайыз мөлшерінде аударымдар жүргізеді. Бұл ретте салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 мың теңге) аспауға тиіс. Яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25 мың 500 теңгені құрайды. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен қызметкерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2 пайыз мөлшерінде жарна төлейді. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 мың теңге) аспауы тиіс. Яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарнасы 17 мың теңгені құрайды.
Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5 пайыз төлейді. 2024 жылы: (1,4*85000)*5% = 5950 теңге. Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексі талап еткендей жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз пайда болады.
Дербес төлеушілер ең төменгі жалақының 5 пайыз көлемінде, яғни 4 мың 250 теңге жарна төлейді.
Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесінде сақтандырылу үшін өткен 12 айдың берешегін жабу керек немесе алдағы 1 жылға жарна төлеуге болады. Бұл жағдайда төлемді әр айға жеке-жеке төлеген жөн.
1 қаңтардан БЖТ қолданылу мерзімі аяқталғандықтан, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебені екі жолмен ала алады:
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу;
- жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.
Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін 2024 жылы 5852,63 теңге жарна төлейді.
Кейбір азаматтар екі жерде жұмыс істейді. Бұл жағдайда төлемдерді есептеу үшін шекті табысты ескеру керек – ол 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 мың теңге). МӘМС-ке аударымдар әр жұмыс орнынан аударылады, бірақ 25 мың теңгеден аспауы керек. (850 мың теңгенің 3 пайызы). Ал жарналарды есептеу кезінде барлық жұмыс орнынан түсетін ортақ табысы ескеріледі, яғни әр айға жарна 17 мың теңгеден аспауы тиіс (850 мың теңгенің 2%).
Қызметкер төлемдерді дұрыс есептеу үшін бірінші жұмыс орнынан екіншісіне анықтама тапсыру керек. Мысалы, қызметкер А ұйымынан 550 мың теңге жалақы алса, Б ұйымынан 400 мың теңге түседі. Оның ортақ табысы 950 мың теңге, яғни, шекті салық салынатын кірістен жоғары. Бұл жағдайда бірінші жұмыс беруші 11 мың теңге көлемінде жарна ұстап, 16 мың 500 теңге көлемінде аударым жасайды. Екінші жұмыс орнында оған 6 мың теңге (жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мыңнан төленген 11 мың теңге жарнаны шегергенде) жарна төлейді. Аударымдардың мөлшері 18 мың теңгені құрайды (аударымдарды есептеу үшін табыс қосылмайды).
Сондай-ақ, ресми қызметінен бөлек, жеке бизнесі бар жеке кәсіпкерлер де бар. Бұл жағдайда қызметкердің жалақысынан қажетті жарналар мен аударымдар төленеді әрі Салық кодексі талап еткендей жеке бизнесі үшін төлеуі қажет.
Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
- fms.kz ресми сайты;
- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot;
- 1414 байланыс орталығы;
- Damumed мобильді қосымшасы;
- Halyk мобильді қосымшасы;
- BCC.KZ мобильді қосымшасы;
- Kaspi.kz мобильді қосымшасы;
- egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы.
Виктория КИМ,
Түркістан облыстық балалар ауруханасының эксперт дәрігері