Құтырудың алдын алуға болады

hund-bekommt-spritze-beim-tierarzt-rattengift-hund-symptome-NEstudio-shutterstock-544340875.jpgҚұтыру – ауру жануардың жарақаттауы арқылы жұғатын, орталық жүйке жүйесін ауыр зақымдайтын аса қауіпті вирустық дерт. Көбіне бұл дертті жабайы жануарлар – түлкі, қасқырлар таратады.  Сонымен қатар, үй жануарлары – ит, мысық, сиыр, қой, жылқы, түйе т.б. арасында кездесіп, сілекейлері арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Аурудың бұл түрі құтырумен ауырған жануардың адамды тістеуі, жарақатталған тері мен шырышты қабықшаларына сілекейінің жағылуы арқылы жұғады. Әсіресе, бастан және қол саусақтарынан жарақат алған жағдайлар өте қауіпті.

Құтыру – жүйке жүйесінің ауыр зақымдануымен өтетін, әдетте өліммен аяқталатын жіті вирусты ауру. Бірақ, аурудың алдын алуға болады. Құтырған немесе оған күдікті деген жануардан жарақат алғандарды сақтап қалудың бірден-бір жолы – антирабикалық вакцина және антирабикалық иммуноглобулин егу. Көп жағдайда халық арасында бұл мәселеде әлі де немқұрайдылық танытушылар аз емес. Ит қапқан кезде жарақат алған жерді сабынды таза сумен мұқият жуып, жарақаттың айналасын 70 пайыздық спиртпен немесе 5 пайыздық йод ерітіндісімен залалсыздандырып, міндетті түрде құтыруға қарсы екпе курсын уақтылы алу қажет.        

Егер өзіңізге белгілі ит немесе мысықтан жарақат алсаңыз, жануарды мал дәрігеріне көрсетіңіз. Мал дәрігері оны 10 күн бақылауда ұстап, сау болса анықтама береді, егу тоқтатылады. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады. Ал, егер жарақаттаған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда 5 рет (0, 3, 7, 14, 28 күндері) егу тағайындалады. Сондықтан мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды аулақ, оқшаулап ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Ит, мысық асырайтын болсаңыз, мамандарға көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы екпе ектіріп тұруларыңыз қажет.

К.РҮСТЕМОВА,

Әл-Фараби ауданы СЭББ басшысының орынбасары


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Құтырудың алдын алуға болады