Су тасқынымен байланысты аурулардың алдын алу жолдары


Табиғатта қар ерігенде немесе қатты жаңбырдан кейін көктемгі су тасқыны орын алуы мүмкін. Еліміздің бірқатар өңірлерінде су тасқыны жүріп, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығына қауіп төніп тұр.

Көктемгі су тасқынының салдарынан адамдар арасында өткір ішек инфекцияларының және паразиттік инвазиялардың таралу қаупі артады. Себебі, су тасқыны бейіттерді, мал қорымдарды, ауладағы әжетханаларды, кәріз және су құбырларын, құдықтарды жоғары көтеріп, шайып өтеді. Осындай табиғи апаттарда су арқылы іш сүзегі, дизентерия, сальмонеллез, вирустық және бактериялық этиологияның басқа жіті ішек инфекциялары (ЖІИ), А вирустық гепатиті, паразиттік аурулар сияқты жұқпалы аурулар таралады.

Аталған сырқаттанушылықтардың алдын алу үшін тек апат болған өңірлерде ғана емес, қалған өңірлерде індетке қарсы іс-шаралар ретінде Ұлттық егу күнтізбесіне сай міндеттелген жоспарлы егулермен қатар, егілмеген 18 жасқа дейінгі балаларға толықтыра иммундау жүргізілуде.

Жұқпалы ауруларды тудыратын микроорганизмдер лас жерде тез көбейіп, ауруды тез таратады. Инфекция көзі - ауру адам немесе қоздырғыштарды тасымалдаушы.

Микробтар науқастар мен тасымалдаушылардан қоршаған ортаға нәжіс, құсу және зәр арқылы бөлінеді. Жедел ішек инфекцияларына сезімталдық өте жоғары болғандықтан, ересектер мен балалар, әсіресе 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Инфекция қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының тосқауыл және ферментативті қызметіне және ағзаның рецептивтілігіне байланысты.

Су тасқынынан кейінгі кезеңде туындайтын инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын алу үшін күннің жылытуына байланысты ашық су айдындарына шомылудан аулақ болған жөн. Себебі, шомылу кезінде вирус не бактериямен ластанған суды жұту арқылы ауруды жұқтыру қаупі артады.

Су тасқыны кезінде түрлі аурулардың алдын алу үшін тұрғындардың келесі қарапайым және тиімді қағидаларды сақтау қажеттігін еске саламыз:

1) ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;

2) азық-түлікті сақтау және дайындау қағидаларын сақтау;

3) тамаққа термиялық өңдеуден өткен азық-түлік өнімдерін қолдану;

4) жеке гигиена қағидаларын сақтау, оның ішінде жас балаларға күтім жасау кезінде;

5) көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен мұқият жуу;

6) рұқсат етілген арнайы орындарда ғана шомылу, т.б.

Жіті инфекциялық аурудың белгілері – дене қызуының көтерілуі, құсу, іштің жиі өтуі және т.б. пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет!

Ә. Төлебаев,

Шымкент қ. СЭБД басшысы