Жіті ішек инфекциясын алдын алу шаралары


Жіті ішек инфекциясы – асқазан-ішек жолдарының зақымдалуымен және интокикациямен өтетін жұқпалардың үлкен бір тобы. Ішек жұқпаларының қоздырғыштары әртүрлі жеке топтағы бактериялар (шигелллар, сальмонеллалар және басқалар), шартты-патогенді микробтар, вирустар (ротавирустар, энтеровирустар және тағы басқалар).

Іштің өтуі және құсумен болатын сусыздану бала өміріне (әрине, ересектерге де) өте қауіпті.  Әсіресе бала ағзасында су мен тұздардың қоры аз, сондықтан ішек инфекциясы баланың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.

Науқас адамдар мен бактерия тасымалдаушылар жұқпа көзі болып табылады, жұқпа қоздырғыштары тағам, су, тұрмыстық-қатынас жолдары арқылы таралады. Тағамды дайындау барысында технологиялық талаптардың сақталмауы, жеміс-жидектер мен көкөністерді өңдеу ережелерін ескермеу, ыдыстарды жуу-тазалау қағидаларын сақтамау, тағамды даярлау және таратумен айналысатын тұлғалардың жеке гигиена ережелерін ұстанбауы сырқаттанушылықтың таралуының жиі себептері болып табылады.

Жұқпа қоздырғышының адам ағзасына түскеннен кейін, аурудың белгілері басталғанға дейінгі уақыт, бірнеше сағаттан 2 тәулікке дейін созылады. Әдетте, сырқаттанушылық кенеттен басталады. Сырқаттанған адам дене қызуының көтерілуіне, қалтырау, іш қуысында ауру сезіміне шағымданады. Сондай-ақ, бас ауру, әлсіздік, жүрек айну, тәбеттің болмауы қатар байқалады. Науқаста жиі құсу және диарея (іштің өтуі) белгілері дамиды.

Ішек инфекцияларының алдын алу жолдары айтарлықтай анық және қарапайым тазалық ережелерін сақтауға бағытталған:

- жеке бас гигиенасын қатаң сақтаңыз, тағам даярлау алдында, ас ішер алдында, дәретханадан кейін, даладан келген соң қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз;

- кездейсоқ сауда орындарынан азық-түлік алудан бас тартыңыз, әсіресе дайын салат, холодец, сүт тағамдары, шұжық сияқты тез бұзылатын тағамдарды алудан аулақ болыңыз;

- тез бұзылатын тағамдарды сатып алмас бұрын, оның таңбасына, сақталу мерзіміне, жарамдылығына назар аударыңыз;

- дайын тағам мен ыстықпен өңдеуді қажет ететін азықтарды бір сөмкеге салмаңыз (шикі ет және кондитерлік өнім, көкөністер,нан және т.б.);

- тез бұзылатын азық-түліктерді тоңазытқышта, температуралық тәртіпті және сақталу мерзімін ұстана отырып сақтаңыз;

- тағамдарды жеткілікті мөлшерде ыстықпен өңдеңіз;

- дайын асты бөлме температурасында 2 сағатқа дейін ғана сақтаңыз;

- жеміс-жидектерді, көкөністерді мұқият жуып, қайнаған сумен шайыңыз;

- қайнатылған, бөтелкедегі суларды қолданыңыз;

- азық-түліктердің жәндіктер және кеміргіштермен байланысына жол бермеңіз.

Аурудың бірінші белгілері анықталған жағдайда шұғыл түрде медициналық көмекке жүгініңіз және өз бетінше емделмеңіз!

К.Адырбаева,

Шымкент қаласы Абай ауданы СЭББ басшысы