Конго-Қырым гемморрагиялық қызбасының алдын алу
Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) табиғи ошақтары орналасқан.
Табиғи ошақтардың болуының негізгі себебі – бұл аймақта иксодты кенелердің мекендеуі. Кенелердің табиғатқа жаппай шығуы әдетте наурыз-сәуір айларының басында басталады, олардың шағуынан зардап шеккендердің ең көп саны мамыр-маусым айларында тіркеледі.
КҚГҚ ауруының алдын алу үшін кене шаққан жағдайда, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Шымкент қаласында жыл басынан кене шағу дерегімен медициналық көмекке 579 адам жүгінген (2023ж. осы мезгілінде – 626 жағдай).
КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның аумақтық басқармаларының мамандарымен халық арасында тұрақты түрде санитариялық-ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Конго-Қырым қанды қызбасы – аурудың адамға жұғуы кене шаққанда, қанға тойған кенелердің қаны адамның шырышты қабығына немесе терісіне тиген кезде, КҚГҚ ауыратын науқаспен, науқастың биологиялық сұйықтығымен ластанған заттары мен бұйымдарымен байланыста болған кезде, кене басқан ауыл шаруашылығы жануарларын күту кезінде (малдағы кенелерді тазалаған кезде, қайшымен қырқу және кенелерді қолмен алып тастау кезінде) болады.
Инкубациялық (жасырын) кезең – 1-14 күн, бұл кезеңнің ұзақтығы вирустың таралу жолдарына байланысты.
Клиникалық белгілері: температураның 39-40°С градусқа дейін тез көтерілуі, қатты бас ауруы, көздің, беттің, мойынның және дененің жоғарғы бөлігінің қызаруы, мойын мен арқа бұлшықеттерінің ауыруы, жүрек айну, құсу, іш өту, сосын терінің бөртуі, мұрын, қызыл иек, жатырдан және асқазаннан қан кетуі, инъекция орындарында гематомалар пайда болуы.
Жұқтыру қаупі жоғары адамдар:
- жануарларды күтумен байланысты қызмет түрлерімен (шопандар, малшылар, сақшылар, сауыншылар, ветеринарлық қызметкерлер) және оларды табиғи ошақтың аумағында союмен немесе бөлшектеумен айналысатындар;
- КҚГҚ-мен ауыратын науқастың қанымен және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен қорғаныш заттармен сақтанбай байланыста болған медицина қызметкерлері;
- эндемиялық аймақта инфекцияланған кенемен немесе КҚГҚ-мен ауыратын науқаспен байланыста болған кез келген адам.
КҚГҚ алдын алу:
Табиғатқа шыққан кезде киімді кенелерді үркітетін заттарды (аэрозольді репелленттерді) пайдалану және ашық түсті киімдерді киіп, кенелердің денеге жанаспағандығын қарау үшін белгілі бір уақытта әр адам өзін-өзі және бірін-бірі қарап шығу қажет.
Ауыл шаруашылығы жануарларын қырқу алдында қорғаныш киімдерін киіп сақтану керек. Ауыл шаруашылығы жануарларын қырықтық кезінде және жүнді өңдеуде қорғаныш киіммен және қолғаппен (капюшоны бар комбинезон, шұлыққа салынған шалбар, етік және резеңке қолғап) жұмыс істеу керек. Жұмыс істеген кезде темекі шегуге және тамақтануға болмайды. Қорғаныш костюмдері болмаған кезде комбинезонды немесе басқа да қорғаныш киімді пайдалануға, бұл ретте оның жоғарғы бөлігін шалбарға, ал шалбарды шұлыққа салуға болады.
Инфекцияны негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасымалдаушылар – кенелер. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жануарлары, жабайы сүтқоректілер де (қояндар, кеміргіштер, кірпілер және т.б.) табиғи резервуар және қоздырғыш көзі болып табылады.
Кене шаққан немесе кенемен жанасқанда міндетті түрде дер кезінде медициналық мекемеге жүгіну керек. Кене жабысқан жағдайда кенені қолмен жұлып тастамай, беті тығыз жабылатын ыдысқа салып, зертханаға зерттеуге тапсыру қажет. Кене шағуынан зардап шеккен адамдар жергілікті емдеу-профилактикалық мекемемен 14 күн медициналық бақылауға алынады.
Адамдар арасында КҚГҚ тіркелген жағдайда, науқастың дер кезінде оқшаулануы, қарым-қатынаста болған адамдар анықталуы және ошақта қорытынды дезинфекция жүргізілуін бақылау, санитариялық-ағарту жұмыстарының жүргізілуі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің құзырына жатады.
Айта кететін жағдай, егер кене шағып немесе КҚГҚ науқаспен байланыста болғанда, ауру белгілері мазаласа, медициналық көмекті үйге шақыртып, қажетті ем-шараны дер кезінде алған жөн.
А.Тасболтаев,
Шымкент қ. СЭБД бас маманы