ТЫРЫСҚАҚ АУРУЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУІМІЗ КЕРЕК?
Тырысқақ - тырысқақ вибрионы арқылы пайда болатын өте қауіпті жұқпалы ауру, тырысқақ эпидемиясы аз уақыт ішінде кең аумаққа жайылады. Тырысқақ вибрионы жемістер мен көкөністерде 1 апта, сары майда 26-30 күндей сақталады, суыққа өте төзімді, суда көп уақыт сақталады. Кептіруге, күн сәулесінің тікелей әсеріне, қайнатуға төзімсіз. Қоздырғыш су, тағам, тұрмыстық - қатынас жолдарымен жұғып, аш ішекте көбейіп, ауру тудырады. Аурудың жасырын кезеңі орташа 5 тәулікті құрайды. Жұқпаның көзі науқас адам немесе қоздырғыш тасымалдаушы болып табылады.
Тырысқақ ауруының белгілері: ішек қызметінің бұзылуы салдарынан жүрек айнып, лоқсып құсу, жиі-жиі іш өту (ауыр түрге айналса күніне 20-30 ретке дейін), дәреттің түрі күріш қайнатпасына ұқсас болады. Осының нәтижесінде ағзадан су және микроэлементтер көп мөлшерде шығып, ауыр түрімен ауырған адамдар 20-30% дейін салмағынжоғалтады. Ауырған адамның жағдай нашарлап, денесі сұрланып, суық тер жауып терлейді, денесінің температурасы 34-35 градусқа дейін төмендейді, көзі шүңірейіп ішіне кіріп кетеді, терісі қатпарланып, жиырылады, тырысады, қан қысымы төмендейді, дауысы әзер шығады немесе мүлдем шықпай қалады (афония), егер адам дер кезінде емделмесе, өлім жағдайымен аяқталады.
Тырысқақ дертінің алдын-алу үшін келесі ережелерді сақтау қажет:
-жеке бас гигиена талаптарын қатаң сақтау;
-ішуге әрдайым қайнаған су қолдану;
-ас ішер алдында қолды сабынмен тазалап жуу;
-көкөніс пен жеміс - жидекті пайдаланар алдындаоларды сумен тазартып жуу;
-тез бұзылатын тағамдарды белгіленген температурада тоңазытқышта сақтап, оларды жарамдылық мерзімі шегінде пайдалану;
-ластанған су көздерінде шомылмау;
-ауруға ұқсас белгілер пайда болғанда дереу медициналық көмекке жүгіну.
Әрдайым ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн!
К. Рустемова
Әл-Фараби ауданы СЭББ
басшысының орынбасары