Білім беру объектілеріне талаптар


Білім беру объектілеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бар екенін ескертеді, онда меншік нысанына қарамастан барлық талаптар көрсетілген.

Білім беру мекемелері жаңа оқу жылында оқушылардың сапалы білім алуымен қатар, саулығының сақталуына да аса көңіл бөлуі тиіс. Мектептерінде жұмыс істейтін мұғалімдер медициналық тексеруден өткен және жұмысқа рұқсаты бар болуы тиіс.

Осы санитариялық қағидаларға сәйкес білім беру объектілерінің аумағы қоршалып, аумағында функционалдық қатысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмеуі тиіс. Объектілер ауыз сумен, ыстық сумен, кәріз жүйесімен, жарықпен, желдетумен, жылытумен қамтамасыз етілуі және жақсы жағдайда болуы керек.

Барлық үй-жайлар таза болуы тиіс. Дезинфекциялық ерітінділерді пайдалану арқылы күнделікті тазалау жұмыстары жүргізіліп, жәндіктердің, кенелердің және кеміргіштердің болуына жол бермеу үшін дератизациялық және дезинсекциялық іс-шаралар жүргізілуі қажет.

Жиһаздар мен заттардың жабдықталуы балалардың өсу және жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек.

Қала мектептеріндегі асханаларда жеке кәсіпкерлер жұмыс атқарады, олар балаларды қауіпсіз әрі сапалы тамақпен қамтамасыз етуі тиіс. Объектілерде басшы бекіткен перспективтік мәзір жасалады. Тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын қабылдау, олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады. Сүзбе, айран, кілегей қосылған кондитерлік өнімдер, қуырылған өнімдер, қаймақ пен майонез қосылған салаттар, тәтті алкогольсіз сусындар, фастфудтарды өндіруге және сатуға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, пастерленбеген сүт, термиялық өңдеусіз сүзбе және қаймақ, йодталмаған тұз және темірі бар витаминдер, минералмен байытылмаған (фортификацияланбаған) бидай ұнын пайдалануға рұқсат етілмейді.

Күнделікті медициналық қызметкер немесе жауапты маман дайындалған тағамның сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді. Бракеражды комиссияның тамақтану сапасын бағалауы кезеңмен жүзеге асырылады, комиссия құрамы міндетті түрде медициналық қызметкер, әкімшілік, өндіріс басшысы, ұйымның өкілін және ата-аналар комитетінің өкілін қоса отырып, объекті басшысының бұйрығымен айқындалады.

Күн сайын аспаз нақты ас мәзіріне сәйкес, дайын өнімнің күнделікті үлгілерін ас блогында қалдыруы керек.

Н.Сарсенбаев

Абай ауданының СЭББ басшысының орынбасары     


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Білім беру объектілеріне талаптар