Білім беру объектілеріне қойылатын талаптар


Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге білім беруді, тәрбиелеуді, тұратын және тамақтану орнын ұйымдастыру объектілері, барлық түрдегі және типтегі интернат ұйымдары, мектептен тыс ұйымдары қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының талаптарына сай жұмыс жасауды қажет етеді.

"Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесінің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және меншік нысанына қарамастан білім беру объектілерінде объект салынатын жер учаскесін таңдауға, жобалауға, реконструкциялауға, пайдалануға, сумен жабдықтауға, су бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауаны баптауға, жөндеуге және күтіп-ұстауға, тұру, тамақтану, оқыту жағдайларына және өндірістік практикаға, өндірістік бақылауға, персоналдың еңбек және қызмет көрсету жағдайларына, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді медициналық қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.

Санитариялық қағидаларда берілген талаптарға қысқаша тоқталып өтетін болсақ, жалпы білім беру объектілері жұмысқа кірісуден алдын талаптарға сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс. Нысанның ғимараттары сумен, жарықпен, жылыту және ауа баптау жүйелерімен толық жабдықталуы тиіс. Нысанның аумағы таза ұсталып, қоқыс жинағыштар тығыз жабылатын қақпақтармен жабдықталған шаруашылық аймақтағы үш жағынан қоршалған тазалау және дезинфекциялау үшін қолжетімді, су өткізбейтін төсемі бар алаңға орнатылады. Қоқыс жинағыштар (контейнерлер) тазаланады, жуылады және дезинфекцияланады. Нысанда дератизациялау және дезинсекциялау бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Жәндіктердің, кенелердің және басқа да буынаяқтылар мен кеміргіштердің болуына жол берілмейді.

Мектеп сыныптарындағы үй-жайлардың ауданы бір білім алушыға шаққанда 2,5 шаршы метр нормасынан кем болмауы керек, ал балалардың саны объектінің жобалық сыйымдылығынан аспауы тиіс. Оқу сыныптарындағы жиһаздар мен жабдықтар балалар мен жасөспірімдердің бой-жас ерекшеліктеріне сәйкес келуі міндетті. Сонымен қатар білім беру нысандарында оқушылар мен тәрбиеленушілердің жеке бас гигиенасын сақтау үшін жағдай жасалынуы қажет.

Білім беру объектілерінде өзін-өзі бақылау үшін нормалау құжаттарының яғни Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі №62 бұйрығымен бекітілген "Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының талаптарына сәйкес өндірістік бақылау ұйымдастырылып жүргізілуі тиіс.

Ал санитариялық қағидалардың талаптарын орындау осы салаға байланысты барлық жеке және заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін міндетті болып табылатындығын ұмытпайық!!!

А.МОНТАЕВА,

Әл-Фараби ауданы СЭББ бас маманы