Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік қызметтер көрсету
Мемлекеттік қызмет – қызмет алушылардың жүгінуімен немесе жүгінуісіз жеке тәртіпте жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктерді беруге бағытталған жеке мемлекеттік функцияларды іске асыру түрлерінің бірі.
2022 жылдың өткен кезеңінде Аршалы аудандық басқарма мамандары 13 мемлекеттік қызмет көрсетті: эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы 4 және жобалық құжаттамаға 9 санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берілді. 9 қызмет алушыға денсаулық сақтау саласында рұқсаттау құжаттарын беруден бас тартылды.
Белгілі болғандай, мемлекеттік қызметтерді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті және оның аумақтық бөлімшелері «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығына (бұдан әрі – Бұйрық) сәйкес www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы, www.elicense.kz арқылы көрсетеді.
Бұйрықпен санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру бойынша Мемлекеттік қызметтер көрсету Қағидалары бекітілді, олар эпидемиялық мәні жоғары объектінің және қоршаған ортаға зиянды заттар мен физикалық факторлардың жол берілетін шекті шығарындылары мен жол берілетін шекті төгінділері, санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтары бойынша нормативтік құжаттама жобаларының, шикізат пен өнімнің жаңа түрлерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру тәртібін айқындайды.
Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде басқарма мамандары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтайды. Басқарманың және (немесе) лауазымды тұлғалардың мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне ағымдағы жылы шағымдану фактілері тіркелмеген.
Б.Амантай,
Әл-Фараби СЭББ бөлім басшысы
Бөлісу тақырыбы: Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік қызметтер көрсету