Вакцинамен басқарылатын инфекциялардан вакцина алып сақтанайық
Соңғы кезде вакцинадан бас тартқандар көбейіп, халық арасында кейбір вакцинамен басқарылатын инфекциялар бас көтеріп эпидемиологиялық ахуалға әсер етуде.
Қоғамда егілмегендер мен вакцинадан бас тартқандар көбейсе, ұжымдық иммунитет төмендейді. Ұжымдық иммунитет - вакциналармен алдын алатын 20 инфекцияларға қарсы халықты жоспарлы профилактикалық екпелермен қамтудың шекті деңгейіне жеткізу есебінен егілмеген адамдарды жанама қорғау болып табылады.
Халық арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялардың таралуының алдын алу үшін, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жоспарлы профилактикалық екпелерін уақтылы алғаны абзал.
ҚР Үкіметінің 24.09.2020 жылғы "Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы" №612-қаулысымен жалпы 20 инфекцияға қарсы Ұлттық егу күнтізбесі халыққа әзірленіп, 11 инфекцияға қарсы жоспарлы түрде міндетті профилактикалық егу және 9 инфекцияға қарсы Кодекстің 38-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер жүргізу кезінде және инфекциядан кейінгі қолайсыз көрініс туындаған жағдайларда ҚР-ның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысының талаптарына сай жүргізіледі. Инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелер Республикалық бюджет қаражаты және жергілікті бюджет қаражаты есебінен алынады және арнайы оқып-дайындалып, рұқсат алған медициналық қызметкерлер әр егілушіге тегін, дені сау кезінде бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мекемедегі егу бөлмесінде жүргізеді.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы түрде міндетті профилактикалық екпелер:
Туберкулез: 1-4 күн және 6 жас (1 сынып) (ескерту: ДДС-ның 2023 жылғы ұсынысына сәйкес туберкулезге қарсы 6 жаста ревакцинация жүргізу ұсынылмайды);
"В" вирусты гепатиті: 1-4 күн, 2 ай, 4 ай;
Полиомиелит: 2 ай, 3 ай, 4 ай, 12-15 ай, 18 ай;
Көкжөтел, дифтерия, сіреспе: 2 ай, 3 ай, 4 ай, 18 ай, 6 жас (1 сынып);
b типті гемофильдік инфекция (Hib): 2 ай, 3 ай, 4 ай, 18 ай;
Пневмококк инфекциясы: 2 ай, 4 ай, 12-15 ай;
Дифтерия, сіреспе: 16 жас және әр 10 жыл, жарақат алған, тері қабаттары мен шырышты қабықтары тұтастығы бұзылып зақымданған адамдар;
Қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит: 12-15 ай, 6 жас (1 сынып), эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша.
Эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер:
· Құтырма: кез келген жануардың тістеуіне, сілекейленуіне ұшыраған адамдар;
· Іш сүзегі: кәріз және тазалау құрылыстарының жұмыскерлері;
· Көктемгі-жазғы кене энцефалиті: инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін адамдар;
· Оба: инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін адамдар;
· Коронавирус инфекциясы: эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен инфекциялық ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер:
"А" вирусты гепатиті: 2 жас, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша;
Тұмау: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша, жүкті әйелдер екінші және үшінші триместрде;
Күйдіргі: ветеринария саласындағы қызметкерлер, күйдіргі қоздырғышын зерттеуді жүргізетін зертхана мамандары, ет өңдеу кәсіпорындары, мал соятын пункттер және ішкі сауда обьектілерінің жұмыскерлері;
Профилактикалық екпені жүргізу алдында жалпы практика дәрігері/терапевт немесе педиатр, дәрігер болмаған кезде фельдшер анамнез жинауды, егілетін адамға термометрия жүргізіп медициналық қарап-тексеруді жүргізеді. Екпелер егілетін адамның немесе заңды өкілінің егу жүргізуге хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған кезде медициналық ақпараттық жүйедегі егілетін адамның медициналық құжатында егу жүргізуге рұқсатты ресімдейді, егілетін адамға немесе оның ата-анасына немесе кәмелетке толмаған адамның және сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтың өзге де заңды өкіліне профилактикалық екпе, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар мен қолайсыз көріністер, егуден бас тартудың салдарлары туралы ақпарат береді.
Егуді алғаннан кейін егілген адамдар 30 минут бойы денсаулық сақтау немесе білім беру ұйымында ИКҚК пайда болған жағдайда шаралар қабылдау үшін медицина қызметкерінің бақылауында болады. Кейіннен медицина қызметкері үйде – белсенділігі жойылған вакцина енгізілгеннен кейін алғашқы үш күн және тірі вакцина енгізілгеннен кейін бесінші – алтыншы және оныншы – он бірінші күні баланың жағдайы туралы деректерді МАЖ-ға екпелер бойынша есепке алу нысанына енгізе отырып, бақылауды қамтамасыз етеді. Егер бақылау күні демалыс немесе мереке күндеріне түсетін болса, медицина қызметкері егілетін адамның ата-анасын немесе оның заңды өкілін ИКҚК болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі туралы хабардар етеді.
Ағзада иммунитет толық қалыптасу үшін егілгендер құнарлы тамақтанып, таза ауада серуендеп және көпшілік жиналатын жерлерге бармағаны дұрыс.
ҚР ДСМ 20.12.2020 жылғы «Жоспарлы профилактикалық екпелерді және ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейін алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу қағидаларын бекіту туралы» №ҚР ДСМ-289/2020 бұйрығының 7-тармағына сай жоспарлы профилактикалық екпелерді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен медицина қызметкерлері ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейі кемінде 90% және жоспарлы профилактикалық екпелер алмаған балалардың үлесі 10%-дан аспайтын болған кезде ғана мектепке дейінгі ұйымға жібереді.
Вакцинация- адам организміне вакцина немесе арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшін қолданылады.
Вакцинация–ата-аналар үшін балаларын жұқпалы аурулардың зардаптарынан қорғаудың жалғыз, ең тиімді және баламасы жоқ әдіс.
Сондықтан балаларыңызға ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сай уақтылы екпе салдырыңыздар.
Г.ТҮЛКІБАЕВА,
Тұран ауданының СЭББ бас маманы