Флюорография – қазіргі диагностикалық маңызды әдістердің бірі
Біз бәріміз күн сайын көптеген адамдар шоғырланатын жерлерде яғни, сауда орталықтарында, дүкендерде, қоғамдық көліктерде, жұмыста немесе мектеп сияқты түрлі мекемелерде алуан түрлі адамдар арасында жүреміз, сөйлесеміз, араласамыз. Осындай уақытта біз өз денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміз туралы сирек ойлаймыз, түшкірген адамға «сау болыңыз» деп айтамыз, жөтеліп, сырқаттанып жүргендерге мұқият назар аудармаймыз. Күнделікті күйбең тіршілікте денсаулыққа мән бермей, ауырып қалсақ бір-екі дәрі-дәрмек ішіп, денсаулыққа аса мән бермей уақытылы, толық емделмей, үлкен қаланың қарбаласында жұмысты бірінші кезекке қойғанды жөн көреміз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жыл сайынғы профилактикалық тексерулерден оның ішінде флюорографиядан өтудің маңыздылығына назар аудармайтындар өте көп.
Туберкулез - бұл кең таралған жұқпалы ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын туберкулездің 9 миллионға жуық жаңа жағдайы тіркеледі, оның 3 миллионы туберкулездің асқынуынан қайтыс болады. Туберкулезбен ауыратындардың 75% - ы 20-40 жас аралығындағы адамдар, еңбекке қабілетті және бала туатын жастағы адамдар. Қазіргі уақытта туберкулездің абсолютті көпшілігін ерте диагностикалау және уақтылы емдеу арқылы туберкулезден түбегейлі сауығуға болады, әрине дер кезінде анықтап уақытылы емдеу шараларын бастаған жағдайда.
Қоздырғышы – туберкулез микобактериясы (Кох бацилласы). Аурудың негізгі көзі - туберкулездің ашық (жұқпалы) түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерия бөлетін адам. Адамнан адамға ауамен таралады, сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде қоршаған ортаға қақырық тамшыларымен туберкулез таяқшаларын шығарады, микобактерия жарық аз жерлерде ұзақ уақыт өміршең болып келеді. Кепкен қақырықта және әртүрлі заттардың үстінде бактериялар 6-8 айға дейін өмір сүреді. Уақтылы оқшауланбай, емделмей жүрген туберкулездің белсенді түрімен ауыратын әрбір адам жылына 10-15 адамға дейін жұқтыруы мүмкін. Ауру кез-келген адамға әлеуметтік мәртебесіне және материалдық жағдайына қарамастан жұғуы мүмкін. Туберкулезді жұқтырған кезде адам ағзасы бактериямен күресіп, адам туберкулезбен ауырмай, ауру дамымай жасырын кезеңде болуы мүмкін. Аурудың дамуына әсер ететін факторлар: иммунитеттің төмендеуі, туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастармен тығыз байланыста болу, жиі суық тиумен ауру, қолайсыз жағдайларға тап болу, өмір сүру деңгейі төмендеу, нашар тамақтану, күйзеліске түсумен зиянды әдеттердің болуы сияқты жағдайлар.
Мамандар көбінесе туберкулезді көптеген бетпердесі бар ауру деп атайды, өйткені оның көріністері әртүрлі және көбінесе басқа аурулардың белгілеріне ұқсас болып келеді. Аурудан зардап шегетін негізгі орган-өкпе, дегенмен, туберкулездің белгілері аурудың даму түріне және оның формасына, инфекциялық процестің орналасу орнына және көптеген басқа аурулар сияқты науқастың ағзасының жеке ерекшеліктеріне байланысты. Симптомдардың әртүрлілігі ауруды тануды қиындатады, бұл өз кезегінде дәрігерге кеш келудің себебі болып табылады, барлық мәселе осы жерден туындайды. Сондай-ақ, адамның осы инфекцияға жоғары сезімталдығын тудыратын факторлар бар, ең маңыздыларының бірі-адамның иммун тапшылығы вирусы. Сонымен, Сіздің денсаулығыңыз туралы ойлануға және тексеруден өтуге қандай белгілер себеп болуы керек? - Процестің орналасуына қарамастан, жалпы әлсіздік пен шаршаудың жоғарылауымен тәбеттің төмендеуі, әсіресе таңертеңгі уақытта. Балалардың зейіні нашарлап оқу қабілеті төмендейді, нашар ұйықтайды, тәбетін жоғалтады. Туберкулезбен ауыратын науқастар тез салмақ жоғалтады, сондықтан азғын, беттері бозарып, бет терісінің бозғылт фонында бетте қызару (румяна) байқалады.
Туберкулезге тән белгілер: дене қызуының ұзақ уақыт көтерілуі-ол 37,5-38 С0 дейін. Температура әдетте кешке немесе түнде көтеріледі, түнде қатты тершеңдік, қалтырау байқалады. Бұл туберкулездегі температураның басқа аурулардағы температурадан басты айырмашылығы: ЖРВИ, бронхит, пневмония кезінде температура жоғары белгілерге жетуі мүмкін, бірақ ол тез өтеді және түнгі терлеумен бірге жүрмейді. Жоғары температура тек туберкулездің жаппай зақымдануына тән. Жөтел-өкпе туберкулезінің тұрақты симптомы. Аурудың басында ол құрғақ, табанды, таңертең күшейеді. Одан кейін аурудың дамуымен, қақырықты шығарумен жөтел ылғалды болуы мүмкін. ЖРВИ, бронхит немесе пневмония кезінде жөтел де болуы мүмкін, бірақ туберкулездегі жөтелден айырмашылығы, бұл аурулар кезінде жөтел ұзаққа созылмайды және басқа сипатқа ие болады. Туберкулезге тән жөтел созылмалы болып келеді, сондықтан 3 аптадан астам жөтел болған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға себеп болуы керек. Өкпе туберкулезінің тағы бір негізгі белгілері-гемоптиз. Әдетте бұл жөтел дамыған сайын қақырық бөлінеді одан әрі өкпеден қан кетуі мүмкін яғни қақырық қан аралас болады, бұндай белгілер пайда болғанда шұғыл медициналық көмекке қаралып, текесерілу қажет.
Емдеу: Туберкулезді емдеу ұзақ уақыт пен шыдамдылықты, сондай-ақ кешенді тәсілді қажет ететін күрделі мәселе. Туберкулезді емдеудің негізі бүгінде көп компонентті туберкулезге қарсы дәрі дәрмектер болып табылады, емдеу мерзімі аурудың формасы мен сатысына байланысты болады. Туберкулездің ең көп таралған түрі-өкпе туберкулезі, ұзақ уақыт бойы симптомсыз өтуі мүмкін және флюорография немесе кеуде қуысының рентгенографиясы кезінде кездейсоқ анықталуы мүмкін. Асқынулардың алдын алу және уақытында емделу үшін емханада флюорографиялық тексеруден үнемі өту керек (жылына кемінде 1 рет).
Туберкулездің алдын алу әдістері: Флюорография - туберкулезді ерте анықтау әдісі туберкулез ауруының қаупі туралы бәріне мәлім. Біз ауруды емдеуден гөрі алдын-алу оңай деп жиі айтамыз. Бұл мәлімдеме әсіресе туберкулезге қатысты. Егер ауру ерте анықталса, онда емдеу жақсы нәтиже беретініне және науқас сауығып кететініне сенімді бола аласыз. Өкінішке орай, кейбір адамдар флюорографиялық тексеруден өтуден қашады, профилактикалық тексерулер ауруды ерте кезеңінде анықталған тиімді екеніне аса назар аудармайды. Тәжірибеде көрсеткендей, профилактикалық тексеруден жалтарған адамдар арасында туберкулездің ауыр түрлерімен ауыратын науқастар жиі кездеседі. Бұл адамдар айналасындағыларға жұқтыру көзіне айналады.
Ең жиі қойылатын сұрақтар:, флюорография мен рентгенографияның айырмашылығы неде? - Флюорография халықты жаппай тексерудің профилактикалық әдісі ретінде қолданылады, оған бірқатар артықшылықтар ықпал етеді: көп адамды тексеруден өткізу қабілеті; экономикалық және еңбек шығындарының төмендігі. Ал Рентгенография тереңірек тексеру диагностикалық әдіс ретінде қолданылады. Флюорография көмегімен қандай ауруларды анықтауға болады? - Ең алдымен, тыныс алу органдарының туберкулезі, өйткені бұл аурудың клиникалық көріністері әсіресе бастапқы кезеңде өте сирек немесе тіпті жоқ. Туберкулезден басқа көптеген басқа да ауруларды анықтауға болады: қаңқа мен өкпенің дамуындағы туа біткен ауытқулар, пневмония, өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің кәсіби аурулары, жүрек патологиясы, плевра, диафрагма және т. б. Флюорографиялық тексеруден қаншалықты жиі өту керек? — 15 жастан асқан барлық халық жылына 1 рет флюорографиядан өтуі керек. Жылына 2 рет профилактикалық тексеруден өтуге жататын адамдар тобы да бар: алғашқы 3 жыл ішінде туберкулезбен ауырған адамдар; туберкулез инфекциясының көздерімен тығыз байланыста болған адамдар; алғашқы 2 жыл ішінде түзеу мекемелерінен босатылған адамдар. Флюорографиялық тексеруден қайда өтуге болады? - Флюорографияны тұрғылықты жері бойынша немесе жұмыс орны бойынша кез келген қалалық емханада тегін өтуге болады.
Өз денсаулығыңызды және өзіңізге жақын адамдардың денсаулығын сақтаңыз! Жыл сайын флюоро-графикалық тексеруден өтіңіз. Жыл сайынғы профилактикалық тексерулердің арқасында сіз өзіңізді туберкулездің ауыр түрлерінен, өкпе ісігінің дамыған сатыларынан және басқа да көптеген аурулардан қорғай аласыз. Туберкулезді тез және уақтылы анықтаудың ең жақсы әдісі – флюорографиялық тексеру.
Н.ТЕЗЕКБАЕВА,
Тұран ауданы СЭББ бас маманы