Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация
Адам папилломасы вирусы (АПВ) – бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы.
Вирус қауіпті, өйткені ол тез тарала алады, нәтижесінде папилломалар пайда болады (сүйел өсінділері) және жасушалардың қатерлі ісігінің деградациясы мен жатыр мойны обыры сияқты қатерлі ісіктің дамуына қоздырғыш болады.
Ғылыми мәліметтерге сәйкес, 10 әйел мен ер адамның 8-і 25 жасқа дейін АПВ жұқтырған.
ЖЫЛ САЙЫН ҚАЗАҚСТАНДА жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайлары тіркеледі, оның ішінде 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады.
Біздің елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған обырдың екінші түрі болып табылады.
Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданыста және Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса алғанда, дүниежүзінің 135 мемлекеттерінде жасалады.
АПВ қалай беріледі?
- Тұрмыстық жанасу жолымен:
АПВ қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға – сауналарға, моншаларға, спорт залдарына, дәретханаларға, бассейндерге барғанда жеке гигиенаны сақтаған дұрыс.
- Жыныс жолымен:
Вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады.
- Тікелей жолмен туу кезінде:
Вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болады.
- Өзіне-өзі жұқтыру жолы:
АПВ қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады.
Бүгінгі таңда АПВ-ны емдеу жолы жоқ, алдын алудың бірден-бір әдісі – вакцинация. Жатыр мойны обырының (ЖМО) дамуына әйелдің АПВ инфекциясын жұқтыруы себеп болатыны ғылыми дәлелденген. 2024 жылғы күзден бастап Қазақстанда 11 жасар қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізілуде. АПВ-ға қарсы вакцина мектептерде немесе тіркелген мекенжайы бойынша емханаларда екпе кабинеттері арқылы тегін негізде қолжетімді. Вакцинация ата аналарының немесе қамқоршысының ақпараттандырылған жазбаша келісімімен жүргізіледі. Вакцинация қарсы көрсетілімдер болмаса, дәрігердің қарап тексеруінен кейін 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі.
ҚЫЗДАРЫМЫЗДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗДА!
Г.Оңласынова,
Абай ауданының СЭББ бас маманы