Ботулизм- қауіпті ауру!
Ботулизм (латынша botulus- шұжық) - жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық ауру түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин -органикалық улардың ең күштілерінің бірі болып саналады. Токсин физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімді, оны 15-20 минут қайнатқанда ғана бұзылады. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың, балықтардың ішек жолдарында, топырақта, көңде, жеміс-жидекте, жем-шөпте, мал азықтарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм ауруының 90%-ы тұрмыстық жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс, ет, балық консервілерін және тұздалған, ысталған балық, ысталған шұжықтар, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады, яғни технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды: науқас адамның басы ауырып, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады, неврологиялық белгілер (көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысынан айрылады, яғни медициналық тілмен айтқанда афония жағдайына түседі. Ботулизм ауруының алдын –алу жолдары: санитариялық тазалықты сақтау, тамақ өнімдерін консервілеуде технологиялық процесті қатаң сақтау, консервіленген өнімдерді сақталуын қадағалау, жылы, ыстық орындарда сақтамау; сауда обьектілерінен үй жағдайында дайындалған консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс, салат, ет, балық жәнеде басқа үй жағдайында дайындалған консервіленген тағамдарды сатып алмау керектігін тағыда қайталап ескертеміз. Егер науқасқа уақытылы дәрігерлік көмек көрсетілмесе, аз уақытта өлімге алып келуі мүмкін. Қолдағы бар дәрі-дәрмектерді ішіп, үй жағдайында емделуге болмайды, емі тек ботулотоксинге қарсы сарысудың уақытылы егілуі мен симтоматикалық емдерді дәрілерлердің бақылауымен стационар жағдайда дер кезінде ем қабылдау. Ботулизммен ауырған адамның ағзасы қалыпты жағдайға өте ұзақ уақытта қалпына келеді. Әсіресе жаңа жылдың қарсаңында жеміс-жидектерден салаттар, тұздықтар жасап, консервіленген тағамдарды отбасыларында және қонақтарға ұсынады. Сондықтан өз денсаулығымыз бен туыстарымыздын денсаулығын сақтайық, ауырмаудын жолын іздейік!
А.Батырбекова,
Әл-Фараби ауданы СЭББ бөлімі басшысы