Тағамнан уланудың алдын алу
Тамақтанғаннан кейін біраз уақыт өте жүрек айну, құсу, бас айналу және асқазанда ауырсыну белгілері пайда болса, бұл тамақтан уланудың белгісі болуы мүмкін.
Әдетте тамақтан уланған жағдайда адам бірнеше күннің ішінде ауруынан тез айығуы да, ал кей жағдайда, өкінішке орай, ұзаққа созылуы да мүмкін.
Тамақтан улану – микробты, микробты емес микроорганизмдермен, токсиндермен ластанған азық-түлікті пайдалану салдарынан жедел пайда болатын ауру.
Тағамнан уланудың жалпы белгілері:
- аурудың тез арада жедел түрде басталуы;
- бірнеше адамның бір мезетте ауруы;
- тамақтан уланудың негізгі ерекшелігі аурушаңдықтың жедел басталып, тез жазылуы;
- аурудың белгілі бір тағаммен байланыстылығы;
- сезікті тағамды пайдалануды тоқтатқан соң аурудың тоқтауы.
Басқа жұқпалы аурулардан ерекшелігі - ауру адамнан сау адамға жұқпайды.
Бактериялар мен микробтар ылғалды, жылы және қоректік ортада тез өрбиді. Тамақтан улану жағдайы тағамның дайындалуы, сақталуы, тасымалдануы барысында бактериялар, токсиндер және улы заттармен ластанған тағамдарды қолданғанда болады. Тамақтан уланудың негізгі себептері жеке бас гигиенасының, санитариялық-гигиеналық талаптардың және тамақтарды дайындау барысында технологиялық процесстердің сақталмауы, сақтау мерзімдерінің бұзылуынан да болады.
Тағамнан уланудың алғашқы белгілері:
- асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек айну;
- дене қызуының жоғарылауы.
Тамақтан уланудың клиникалық көрінісі уланудың түріне және зақымданған улы тамақты қанша мөлшерде жегеніне байланысты. Ең алғашқы белгілері зақымданған тамақты жегеннен кейін 30 минуттан соң басталады.
Тамақтан уланудың алғашқы белгілері белгі бере бастағаннан тез арада дәрігерлік көмекке жүгіну керек, әсіресе балалар мен жүкті әйелдер. Дер кезінде дәрігерге қаралмай, ұзақ уақыт құсу, іштің өтуі жалғасқан жағдайда, ағзаның сусыздануы мен нәжісінде қанның болуы адам ағзасын әлсіретіп, ауыр жағдайға әкеліп соқтырады. Сусыздану әсіресе балалар ағзасы үшін өте қауіпті.
Тағамнан уланудың алдын алу жолдары:
- тамақтанар алдында қолды жуу;
- термиялық өңдеуге жатпайтын жеміс-жидектерді ағынды сумен жуу;
- тек қайнатылған немесе бөтелке суын ішу;
- тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқыштарда сақтау;
- кондитер өнімдерін тек дүкендерден ғана алу, қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына көңіл бөлу;
- егер тағамның түрі, түсі, иісі және тағы басқа белгілері күмән тудыратын болса, мұндай тағамды мүлде пайдаланбаған жөн;
- тамақ өнімдерін олардың жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтау;
- ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану қажет;
- үй жағдайында дайындалған консерві (салаттар, ет, құс, балық, саңырауқұлақ) өнімдерін белгісіз адамдардан сатып алмау;
- үй жағдайында консервіленген көкөністерді, жемістерді және саңырауқұлақтарды пайдаланар алдында термиялық өңдеуден 15-20 минут өткізген абзал!
Сақ болып, сау болыңыз!
Т.Сермаңизов,
Шымкент қаласы СЭБД басшысы