МӘМС жүйесіндегі маңызды өзгерістер!

жанабаев.jpg

2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты заңға өзгерістер енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

2026 жылдан бастап МӘМС пакеті бірқатар созылмалы ауруларды қамтитын болады. Атап айтқанда, қант диабеті, балаларға тән сал ауруы, ревматизм және дәнекер тіндердің жүйелік зақымданулары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаржыландырылады.

Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар 11 ауру тобы бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Бұл қатарға туберкулез, АИТВ, қатерлі ісіктер, вирустық гепатиттердің созылмалы түрлері мен бауыр циррозы, психикалық бұзылыстар, орфандық аурулар, жүйке жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, жедел миокард инфаркті (алғашқы алты ай) және инсульт (бір жыл ішінде) жатады.

МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар дәрігердің кеңесін, зертханалық талдауларды, диагностикадан өтуді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуді, жоспарлы операцияларды, емдеу және оңалту қызметтерін тегін ала алады.

Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 17 миллион адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Олардың 12 миллионы жеңілдік санатына кіреді, яғни балалар, студенттер, жүкті әйелдер, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар үшін жарналарды мемлекет төлейді.

Сонымен қатар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы, яғни «D» және «E» санатына жататын шамамен 1 миллион азаматтың МӘМС жарналары жергілікті атқарушы органдар есебінен төленетін болады. Сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыз азаматтар да сақтандырылатын болады. Азаматтар өздерінің қай санатқа жататынын білу үшін тіркелген емханасына жүгінуі қажет.

МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу – денсаулықты қорғаудың және қажетті медициналық көмекті уақытында алудың сенімді кепілі.

Н.ЖАҢАБАЕВ,

№7 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: МӘМС жүйесіндегі маңызды өзгерістер!