ҰЛТТЫҚ АРХЕОЛОГИЯНЫҢ САРДАРЫ
Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «18 мамыр – Халықаралық музейлер» күніне және көрнекті ғалым-шығыстанушы, әдебиеттанушы, Қазақстан археологтарының ғылыми мектебінің негізін салушы Әлкей Хақанұлы Марғұланның 115 жылдығына орай «Ұлттық археологияның сардары - Әлкей Марғұлан» атты көрме ашылды.
Шараға республикаға аты әйгілі ғалым-археолог, білікті ұстаз, ҚР Мәдениет қайраткері - Нұртаза Алдабергенов пен өзге де белгілі ғалым, археологтар, музей қызметкерлері мен жастар қатысты.
-"Әлкей Марғұлан - қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлап артында өшпес із қалдырды. Оның ізденіске толы еңбегі Қазақстанның әлемге беймәлім қалалары мен тарихын паш етіп, назарын аударды. Көне дәуірлердегі қазақ жері археологиялық қазба жұмыстары арқасында қайта өмірге келді",-деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шарада Әлкей Марғұланның шәкірттері Нұртаза Алдабергенов, Марат Тұяқбаевтар ілімге толы ұстаз өнегесі жайлы естеліктерімен бөлісіп, ақындық қырына да тоқталды. Осы орайда, Нұртаза Алдабергенов қазақ басылымдарында жарық көрген Әлкей өлеңдерін қорық-музей қорына табыстады.
Жиынға қатысушылар көрме экспозициясынан белгілі ғалым Әлкей Марғұланға қатысты кітаптар, ғылыми еңбектер, баспа өнімдері және фотосуреттер мен археологиялық қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлерді тамашалады.