Мектеп формасына сұраныс жоғары

Screenshot_24.jpg

Заман ағымына сәйкес қолынан іс келетін жандар жеке кәсібін бастап, ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Мемлекет басшысы ел дамуын кәсіпкерлік саласының өркендеуімен байланыстырып, талай өміршең жобаларды іске қосты. Бұл бағытта тұрғындардың белгілі бір кәсіпті игеруі үшін жер-жерде кәсіпкерлер үйі жұмыс істеп жатыр. Көне шаһар Түркістанда  кәсіпкерлік мектебі мен халық арасында алтын көпір орнап үлгерді. Түркістанды ер түріктің бесігі деп білетін жұрт талай кәсіпкер еңбегінің жемісін тұтынып жүр. 

Түркістан киім өндірісінде де өзге өңірлерден оқ бойы озық келеді. Соңғы жылдары мемлекеттік грант есебінен аяққа нық тұрып жатқан кәсіпорындар бар. Түркістандықтар жаңа оқу жылына бірыңғай мектеп формасын арнайы орталықтан алады. Қалада үдемелі индустриалды -инновациялық даму бағдарламасы аясында тігін цехы іске қосылған. Жеке кәсіпкер Райхан Имажанова мемлекеттен несие алып, 100 азаматқа арналған жұмыс орнын ашқан. Қазір мұнда мектеп формаларынан бөлек, балалар киімдері мен күртешелер тігіледі. Мемлекеттік мекемелердің жұмыс формасын тігуге тапсырыстар қабылдайды. Тігін цехының іске қосылғанына бір жылдан аса уақыт өтті. 100 орынға лайықталған кәсіпорында қазір 20 адам жұмыс істейді. Маман тапшылығы анық сезіледі. Сондықтан, жергілікті кәсіптік колледж студенттерін дуальді оқыту бойынша еңбекке тарту қолға алынған. Тігін цехында «Жастар практикасы» бағдарламасы негізінде жұмыс істеп жүргендер де бар. Қала тұрғындары тігін цехына келіп өзіне қажетті үлгідегі киімді таңдай алады. Кәсіпорын Түркістанда шығарылатын өнімдердің негізгі брендін қалыптастыруды ниет етіп отыр.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Мектеп формасына сұраныс жоғары