Түркістан тұрғындарына – қолжетімді медицина!
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайтуды көздейді. Халықтың медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 53,3 пайыздан 80 пайызға жеткізу жоспарланған.
Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – қолжетімді және сапалы медициналық көмек. Екінші бағыт – эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру. Үшінші бағыт – отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары. Төртінші бағыт – саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту.
Түркістан облысы бойынша аталған ұлттық жоба аясында ауылдық елді мекендерді медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту мақсатында биыл жоспарланған 11 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункт, дәрігерлік амбулатория құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуі Ордабасы ауданында пайдалануға берілді.
Түркістан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы шеңберінде тағы 4 фельдшерлік пункт құрылысы жүргізілуде. Олардың үшеуі Ордабасы ауданында болса, біреуі Төлеби ауданында бой көтеруде. Ал, ғимараттарды санитарлық талаптарға сәйкестендіру мақсатында басқармаға қарасты 5 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жедел медициналық жәрдем қызметін нормативке сәйкестендіріп, жүктемесін азайту мақсатында КАТКО қорының демеушілігімен Түркістан қаласында 25 бригадаға арналған жедел жәрдем стациясының құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Түркістан қаласында Абу-Даби қоры есебінен заманауи перзентхана салу үшін Біріккен Араб Әмірлігімен келіссөздер жүргізілуде.
Түркістанда «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Жаңа технологиямен жабдықталған «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдап, ем-дом көрсетеді. Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы заманауи үлгіде жасақталған.
Сонымен қатар, ауылдық жерлердің және шалғай елді мекендер халқына барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер арқылы консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетіліп, дәрігерлік көмектер көрсетілуде. Түркістан облысында 3 «КамАЗ» және 12 автобус жылжымалы медициналық кешені 150 ауылдық елді мекенді қамтамасыз етіп, халыққа медициналық қызмет көрсетіп жатыр. Жыл басынан 181 мың 242 тұрғын қамтылды.
Түркістан облысына қарасты медициналық ұйымдарда 5481 дәрігер және 19 мың 191 орта буын маманы қызмет атқарады. Қазіргі таңда, дәрігерлер тапшылығы 258 маманды құрап отыр. Тапшылық бейінді мамандықтар (кардиолог, невропатолог, оторинларинголог, анестезиолог-реаниматолог (ересектердің, балалардың) педиатр, окулист, онколог, акушер-гинеколог, неонатолог, нефролог, инфекционист, жедел жәрдем дәрігері, фтизиатр, травматолог, зертхана дәрігері, офтольмолог, патологоанатом, дерматовенеролог, ревматолог) есебінен туындауда.
Облыс медицинасын дәрігерлермен қамту 26,4 пайызды, орта буын мамандарымен қамту 92,5 пайызды құрайды. Қоғамдық денсаулық басқармасының жергілікті бюджет есебінен 2022 жылдың 6 айында 593 маман білімін жетілдірді. Оның ішінде наурыз айында облыстың медициналық ұйымдарының 30 невропатолог, реабилитолог маманы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік медициналық университетінде «Пәнаралық инсультпен ауыратын науқастарды оңалту тәсілі» тақырыбында семинар-тренингке қатысып, біліктілігін арттырды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы «University Medical Center» корпоративтік қоры орталығында, Астана медицина университеті, Алматы қаласындағы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия университеті және Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университетінің оқу орталықтарында 9 маман (эндоскопист, травматолог-ортопед, анестезиолог-реаниматолог, хирург және ультрадыбыстық зерттеу дәрігерлері) тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін медицина қызметкерлерін ел ішінде, алыс және жақын шет елдерде Ресейдің Санкт-Петербург, Новосибирск қалаларында, Түркияның Стамбул, Анкара қалаларында, Белорусияның астанасы Минскіде, тағы басқа қалаларда білімдерін арттыру жоспарланған.
Облыстағы медициналық ұйымдарға өткен жылы 28 акушер-гинеколог, 2 неонатолог жұмысқа орналасты. Оның ішінде ауылды жерге жұмысқа орналасқан 2 жас маманға 1 млн. 500 мың теңге көлемінде әлеуметтік қаржылай көмек көрсетілді. Биыл 4 акушер-гинеколог, 3 неонатолог маман жұмысқа орналасты.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмектің жалпы көлемінде амбулаториялық деңгейде медициналық көмектің көлемін кеңейту пайызы 63,6 пайызды құрады.
Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту мақсатында, жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды ұлғайту 83 пайызды құрады.
Биыл 6 айда 10371 мүмкіндігі шектеулі бала медициналық оңалтумен қамтылды. Оңалту емін алған мүгедек балалар саны – 1883, сәйкесінше көрсеткіш 18,15 пайызды құрады.
1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтуды ұлғайту 85,5 пайызды құрады.
14 жасқа дейінгі балалар арасында, семіздікпен сырқаттанушылық көрсеткіші 2022 жылдың 6 айында 9,2 пайызды құрады.
Ұлттық жобаның негізгі басымдығына сәйкес, сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін облыста жоспарланған іс-шаралар тұрақты орындалуда.
А.ОҢҒАРБАЙ