Бұлар үздік мейіргерлер...
12 мамыр--Мейіргерлердің кәсіби мерекесі болып саналады. Мерекелі датаға орай облыстағы орта медициналық білімі бар қызметкерлердің беделін көтеру және атқарған қызметі бойынша ең үздік мамандарды анықтау мақсатында Шымкент жоғары медициналық колледжінде мейіргер, акушер және фельдшерлер арасында сайыс өтті. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бақармасының ұйымдастыруымен өткен конкурсқа қала, аудандардан келген қатысушылар бақ сынасты.
Тартысты да қызықты өткен жарыста саланың үздіктері де анықталды. Сонымен, Оңтүстіктің «Ең үздік бас мейіргері» мәртебесіне облыстық клиникалық ауруханасы №2 хирургия бөлімшесінің аға мейірбикесі Айнұр Мақұлбекова лайық деп танылды. Айнұрдың медицина саласында қызмет етіп келе жатқанына 14 жыл болыпты. Жұмысы қарбалас, жауапкершілігі көп мейіргерінің басты міндеті науқасқа дұрыс күтім жасау дейді ол.
«Үздік мейіргер» номинациясының екінші орнын Ордабасы аудандық ауруханасы жансақтау бөлімшесінің мейірбикесі Саида Алиева иеленсе, қола жүлдені облыстық наркология орталығы №1 стационар ерлер өткір психикалық бұзылыстары мен емдеу бөлімшесі жансақтау палатасының мейіргері Қамар Пралиева алды.
«Ең үздік акушер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанғандар мыналар: I-орын №4 облыстық перинаталдық орталықтың қабылдау бөлімшесінің аға акушері – Зарина Есалиева. II-орын Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің акушер маманы – Шарипа Байзақова, III орын – №2 облыстық перинаталдық орталығының акушері Айтолқын Мамадалиева. Өз ісінің үздігі атанған Зарина конкурс барысында қорқыныштың болғанын жасырмады.
Сондай-ақ Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасы №3 желілік бекетінің бригада фельдшері Жұлдызай Бектұрсынова «Үздік фельдшер» номинациясының жеңімпазы атанса, II-орынды Төлеби аудандық ауруханасы жедел медицина стансасының фельдшері Айдар Түймебаев иеленді. III-орынға Бәйдібек аудандық ауруханасы жедел медицина стасасының фельдшері Нұрдәулет Әбдіқадыр қол жеткізді.
Білімі мен шеберлігі бар, ісімен жан-жақты, күтім процесіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін ерекше мамандық иелері – мейіргер, акушер, фельшерлердің денсаулық сақтау жүйесінің алға жылжуына қосып отырған үлестері орасан екенін айта кеткен жөн. Аталған мамандық иелерін тек қана дәрігер бұйрығын орындаушы ғана емес, ойшыл, үнемі ізденісте жүретін шығармашыл тұлға деп қараған жөн шығар.